Еңбегімен еленген азаматты еске алу кеші
ДИКТОР: Көкшетауда Социалистік Еңбек Ері Ералы Бақтаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған еске алу кеші өтті. Туған жерінің өркендеуіне сүбелі үлесін қосқан азаматтың көзін көргендер естеліктерін айтты. Жастар жырларын оқып, күй шертілді.
Күйден үзінді
РКС: Көзін тырнап ашқаннан егіс даласында еңбек етіп, бітік өскен бидайды ысырапсыз жинап, қамбаға құю жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс істегендердің қатарында Зеренді ауданына қарасты, Игілік ауылының тумасы Ералы Бақтаев та бар. Тынымсыз тіршілік қылған жанның еліне сіңірген еңбегі бағаланып, кеудесіне орден, медальдар тағынғаны күні кеше ғана. Социалистік Еңбек Ері атанып, ауылының мерейін өсіргені де кеш барысында айтылды.
СНХ: САҒЫНАЙ РАҚЫМОВ, АУЫЛДАСЫ: Бригадаға планеркаға таңғы сегізде барсақ, ол кісі тәңертең ерте алтыдан шығып, бүкіл полены өзінің Урал деген мотоциклі болды, сонымен аралап шығып, планеркаға келгенде қай поледа кімнің малы жүр, не істеп жатыр, бәрін айтушы еді, өзім агрономмын, сол кісіден үйренгенім, сол поленың ортасына барып, міне ектік, енді бес күннен кейін бораналайды, әрбір жерін қолымен қазып көріп, сорняк қалай беріледі, бәрін көріп, айтатын, шынында да ел де, жер де Ералы ағамызға бас июші еді.
РКС: Ералы Шопайұлы қарапайым механизатор болып еңбек жолын бастап, бригадирлікке дейінгі жолды жүріп өткен. Өзінің ұйымдастырушылық қабілетін көрсетіп қана қоймай, кейінгі буын толқынды тәрбиелеп шығарған тәлімгер десе де болады. Әкесінің ортасына сыйлы ел адамы болғанын ұрпағы мақтанышпен айтады.
СНХ: САЙРАН АЙТҚОЖИНА, ЕРАЛЫ БАҚТАЕВТЫҢ ҚЫЗЫ: Ол кісі бізді адалдыққа, еңбекқорлыққа үйретті, бойымызға сіңірді. өте сондай ақылды, сабырлы ол кісі. Анамыз екеуі өте тату-тәтті өмір сүрді. әкемнің аты ешқашан өшпейді, артында мәңгі атағы қалды даңқы қалды, ешкім оны ұмытпайды.
РКС: Ауылдың жыр-шашуын жеткізген алдыңғы буын ағалар әнді әуелетіп, көпшілікке көңіл күй сыйлады. Ал, жырға құмар жастар өмір жайлы, өңір жайлы өлең шумақтарын оқыды. Кештің өн бойында еңбегімен танылған азамат жайлы елдестері жылы естеліктерін ортаға салды.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ