Теміржол вокзалының техникалық ашылуы өтті
ДИКТОР: Елімізде 124 вокзал жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Оның 16-сы Ақмола облысында. Бүгін шаһарда теміржол вокзалының техникалық ашылуы өтті. 1981 жылы салынған нысан 45 жыл ішінде бірінші рет күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Салтанатты ашылуына тілшіміз де барып қайтты.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Көкшетау теміржол вокзалы 45 жыл бұрын пайдалануға берілген. 2003 жылы ағымдағы жөндеуден өткен нысан биыл толық жаңғыртылды. Жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асқан. Вокзалдың техникалық ашылу салтанатына өңір басшысы Марат Ахметжанов қатысты.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бүгінгі 16-шы вокзал облыстық орталығында. Бұл Президенттің тікелей тапсырмасы аясында жасалып жатқан осы жолаушыларға жайлы жағдай жасау, туристерге. Ақмола облысы туристік аймақ. Ұлкен тасымалы, грузопотокымыз өте жоғары, өйткені осы жерде егін алқабы үлкен, өндірістің алқабы. Сондықтан, әрине осы вокзалдар өте маңызды. 16 вокзал ең көп Қазақстандағы облыстардың ішінде – осы Ақмола облысқа тиісті. Оның тоғызы жаңадан салынды. Ал жетеуі – күрделі жөндеуден өтті. Бүкіл инфрақұрылымы – су, жылу жүйесі, әйнек, терезесі – бәрі ауыстырылды.
РКС: Жаңғырту барысында вокзал ғимараты заманауи талаптарға сай жабдықталды. Жолаушылардың қозғалысын жеңілдету үшін эскалаторлар мен лифтілер орнатылды. Сондай-ақ, ана мен балаға арналған бөлме жасалып, мүгедектігі бар жандар үшін қажетті жағдай қарастырылды.
СНХ: РОЗА АРЫСТАНҚЫЗЫ, КӨКШЕТАУ ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Вокзал арқылы тәулігіне 32 пойыз өтеді. Оның үшеуі – халықаралық, төртеуі – электр пойызы. Орташа тәуліктік жолаушылар ағыны – 1800 адам. Былтыр Үкіметтің қаулысына сәйкес вокзалымыз Қазақстан бойынша жаңғыртылатын 124 вокзалдың қатарына енді. Қазір жолаушыларға ыңғайлы болу үшін екі эскалатор орнатылды. Конкорс өткелінде тағы төртеуі болады. Мүгедек азаматтарға арналған екі көтергіш пен төрт лифт орнатылды. Бұған дейін мұндай жағдайлар болмаған. Мүгедектігі бар жандар үшін санитарлық бөлмесі бар арнайы бөлме жабдықталды. Билет кассасы мен анықтама бөлімі де осы санаттағы жолаушыларға бейімделді.
РКС: Жаңарған вокзалдың игілігін көргендердің бірі – теміржол саласының ардагері Мәжит Қалимжанов. Ол теміржол саласында 51 жыл еңбек еткен. Ал Қалимжановтар әулетінің теміржолдағы еңбек өтілі бес ғасырдан асады.
СНХ: МӘЖИТ ҚАЛИМЖАНОВ, ТЕМІРЖОЛ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ: Алғашқы вокзалдың бірі барак үлгісінде болған. Кейін 1961 жылы вокзал салынды. Одан кейін, 80-жылдары осы вокзал бой көтерді. Жалпы, ғимарат жөндеуден өткен сайын жақсы әсер қалдырады. Бұл жерде жақсы жұмыс атқарылғаны көрініп тұр. Жұмысқа үлкен жауапкершілікпен, жан-тәнімен кіріскені сезіледі. Қалаға кім келсе де, онымен мақтана аламыз. Өйткені вокзал – қаланың қақпасы. Қай қалаға барсаңыз да, вокзал – сол қаланың қақпасы болады.
РКС: Жаңғырту жұмыстары вокзал ғимаратымен ғана шектелмеді. Нысанның айналасындағы аумақ абаттандырылып, вокзал алдындағы алаң да жаңартылды. Енді жолаушыларға қауіпсіз әрі жайлы қызмет көрсетуге барлық жағдай жасалды.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЕЛДОС ЖӘРКЕН, КӨКШЕ АҚПАРАТ