Негізгі Жаңалықтар Заң мен тәртіп-жарқын болашақтың кепілі

Заң мен тәртіп-жарқын болашақтың кепілі


ДИКТОР: Жыл басынан бері жасөспірімдер арасында 45 құқық бұзушылық фактісі тіркелген. Бұл, өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі мен құқықтық сауаттылығына ерекше назар аударуды талап ететін маңызды мәселе. Осыған орай Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінде студенттер мен құзырлы органдардың өкілдері арасында тағылымды кездесу өтті. Шараның негізгі өзегі «Заң және тәртіп» қағидатын жастар арасында кеңінен насихаттау, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және жасөспірімдердің заң алдындағы жауапкершілігін түсіндіру.

РКС: Шара барысында мамандар студенттерге құқық бұзушылықтың алдын алу, заң талаптарын сақтау және өз құқықтары мен міндеттерін білу жөнінде маңызды ақпараттар берді. 

СНХ: РӘЗИЯ ҚҰРСАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ: «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Ақмола облысының Жастар ресурстық орталығының бастамасымен студенттермен кездесулер өткізуді жалғастырып келеміз. Кездесулер барысында жасөспірімдерді түрлі құқық бұзушылықтар жасауға тарту мәселелерін талқылаймыз. Бұл тақырыптарды дәріс түрінде емес, нақты мысалдар арқылы, қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізе отырып, жасөспірімдер мен жастардың қандай қауіп-қатерлерге жол бермеуі керектігі және осының барлығын қалай еңсеруге болатыны, сондай-ақ құқықтық мәселелерге тап болмау жолдары туралы әңгімелесеміз.

 РКС:Жастар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Сонымен қатар практикалық жұмыстарға да белсенді қатысып, өз білімдері мен дағдыларын тәжірибе жүзінде сынап көрді.

СНХ:АСЛАН КӨМІШ, Ж.МУСИН АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ: Қазіргі кезде жастар арасында өзекті мәселелер жайлы айтып кетті. Мен бұл жерден көптеген жаңа мәліметтер білдім. Бізге практикалық жұмыс көрсетті. Осы бізге бәрін көрсетіп, айтқаны үшін көп рахмет. 

РКС: Шарада жасөспірімдер мен жастарға зиянды әдеттерден аулақ болып, өз денсаулығы мен болашағына жауапкершілікпен қараудың маңызы түсіндірілді. Заңды білу, тәртіпті сақтау және дұрыс таңдау жасау, жарқын болашаққа бастар сенімді қадам. Өйткені, әрбір жас өз болашағын бүгінгі таңдауларымен қалыптастырады.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу