Еңбекке бейімделген орта
ДИКТОР: Көзі көрмесе де, қолы қимылсыз емес. Көкшетауда зағип жандар жылдар бойы тігін цехында еңбек етіп келеді. Бірі матрас тіксе, енді бірі төсек-орын жабдықтарын дайындайды. Олардың әрқайсысы үшін бұл – жай ғана жұмыс емес, өз еңбегімен қоғамға қажет екенін сезінудің мүмкіндігі.
РКС: Дархан Байсақаловтың мамандығы инженер. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң мамандығы бойынша еңбек етуді жоспарлаған. Алайда тағдыр оған басқа сынақ дайындады. Көру қабілеті біртіндеп нашарлап, ақыры жарық дүниені көру мүмкіндігінен толық айырылады. Бірақ ол еңбек етуден бас тартқан жоқ. Екі жыл бұрын осы тігін цехына жұмысқа орналасты. Қазір күніне он шақты матрас тігеді.
СНХ: ДАРХАН БАЙСАҚАЛОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Міне былай қоямыз, былай қоямыз. Әрбір түйменің размері бар. Угловой линейка бар, соны қойып, әдемілеп істейміз. На ощуп. Мастеріміз бар, қисық кетсек дұрыстап береді.
РКС: Дарханның жұмысына көз емес, саусақ бағыт береді. Әр тігісті сипап тексереді, өлшемін қайта-қайта байқайды. Оның айтуынша, мұнда дайын өнімнің саны ғана емес, сапасы да маңызды. Үш баланың әкесі үшін бұл жұмыстың тағы бір мәні бар. Ол отбасын асырап, балаларының алдында еңбекпен үлгі көрсеткісі келеді.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Бұл цехтың тарихы жетпіс жылға жуықтайды. 1959 жылы ашылған кәсіпорында бүгінде ерекше қажеттіліктері бар жиырмадан аса адам еңбек етеді. Мұнда олардың әрқайсысына қолынан келетін жұмыс беріледі. Бірі тігін машинасында іс тіксе, енді бірі көрпе-жастық дайындайды.
СНХ: ГҮЛСАРА ҚАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Бірінші топтағы мүгедекпін. Осында жұмыс сұрап келгем, бірден алды. Швея болып жұмыс істеп жатырмын 2 жыл болды.
РКС: Цех қызметкерлері үшін мұндағы ең басты шарт адамның мүмкіндігіне қарай еңбек етуіне жағдай жасау.
СНХ: ӘМИНА СҮЛЕЙМЕНОВА, ШЕБЕР: Бір тапсырыстың өзінде 500 жиынтыққа дейін дайындаймыз. Жақында 200 төсек-орын жиынтығын тапсырыс берушіге жөнелттік. Жақында балаларға арналған 240 синтепон жастығын жасап бердік. Жастықтарды тазалаймыз, арнайы тігін және сырып тігу құрылғылары арқылы көрпелерді дайындаймыз. Иә бұл жерде мүгедектігі бар азаматтар жұмыс істейді. Кейбірінің көру қабілеті шектеулі болса да, матрас тігіп, көрпе-жастық дайындау сияқты жұмыстарды өздері атқарады. Әр адам өз мүмкіндігіне қарай еңбек етіп, дайын өнім шығаруға үлес қосуда.
РКС: Мұндағы әр өнімде жұмысшылардың қол еңбегінің нәтижесі бар. Олар өздері тіккен бұйымның біреуге қажет екенін білген сайын, еңбегінің еш кетпегенін сезінеді, қуанады.
МАҚПАЛ АЙБАБИНА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛ, КӨКШЕ АҚПАРАТ