Аймақта ауа райы күрт нашарлайды
ДИКТОР: Ақмола облысында алдағы демалыс күндері ауа райы құбылмалы болады. Облыстың басым бөлігінде жауын-шашын болуы ықтимал. Алдағы күндері қай аймақтарда жаңбыр жауады? Қазан айында күн райы қандай болады? Тілші баяндасын.
РКС: Синоптиктер алдағы демалыс күндері Ақмола облысында ауа райы күрт нашарлайды деген болжам жасап отыр. Өңірдің басым бөлігінде жаңбыр жауып, кей жерлерде жауын-шашынның соңы қар аралас жаңбырға ұласуы мүмкін. Қолайсыз ауа райы әсіресе облыстың батысы мен солтүстігіндегі аудандарда күтіледі. Бұған қоса жел де күшейіп, оның екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі ықтимал.
СНХ: САЛТАНАТ ОҢАЙБАЕВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КӘСІПОРНЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ ИНЖЕНЕР-СИНОПТИГІ: Алдағы жексенбіде ауа температурасы күндіз 8-13 градусқа дейін төмендейді. Ал облыстың батысы мен солтүстігінде ауа температурасы бар болғаны 5 градус шамасында болады. Келесі аптада да ауа райы тұрақсыз сипатта сақталады. Осыған байланысты жаңбыр және қар аралас жаңбыр жаууы мүмкін. Кей жерлерде тұман түсіп, көктайғақ байқалады. Түнде ауа температурасы 0-5 градус жылыны көрсетеді. Облыстың батысы мен солтүстігінде 3 градусқа дейін аяз болып, кей жерлерде 2-7 градусқа дейін жылы болады. Ал облыстың оңтүстігі мен шығысында түнде 1 градусқа дейін аяз күтіледі. Күндіз ауа температурасы 0-5 градус жылыдан 13-18 градусқа дейін көтерілуі ықтимал.
РКС: Қазан айында ауа райы салыстырмалы түрде жылы болғанымен, тұрақсыз сипат алады. Ашық әрі шуақты күндердің орнын ара-тұра салқын ауа райы алмастырады. Айдың екінші жартысында жауын-шашын жиілеп, кей кезеңдерде жаңбыр қар аралас жаңбырға ұласуы мүмкін. Жекелеген аудандарда тұман түсіп, көктайғақ болуы ықтимал. Сондай-ақ желдің екпіні күшейіп, күн райының құбылмалы болуы мүмкін. Ал айдың соңына қарай ауа температурасы біртіндеп төмендеп, өңірде салқын күндер басталады.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, НАИР ЗАХОВАЕВ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЁВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ