ДИКТОР: Заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару есебінен Қосшы және Макинск қалаларының тұрғындары сумен қамтамасыз етіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет Ақмола облысында сумен жабдықтау жүйесі құрылысына 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді. заңсыз иемденілген активтерді қайтару есебінен әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылым нысандарын салу жобаларын жүзеге асыруда. Арнаулы мемлекеттік қордан білім беру, денсаулық сақтау, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру, инженерлік желілер мен су құрылыстарын жаңарту сияқты салаларда 280-ге жуық жобаны іске асыруға қаражат бөлінді.
РКС: Қосшы қаласында су құбыры жүйесінің құрылысын аяқтауға 476 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Жобаны іске асыру нәтижесінде халық толықтай орталықтандырылған тіршілік нәрімен қамтылады. Қазірдің өзінде шамамен 50 шақырымдай құбыр тартылған. Желінің жалпы ұзындығы 64 шақырымнан асады. Нысанды жыл соңына дейін тапсыру көзделген. Қолданыстағы инженерлік желі 30 мың тұрғынға есептелген. Ресми деректерге сәйкес бүгінде Қосшыда 50 мыңнан астам адам тіркелген. Қаланың бас жоспарына сәйкес, 2038 жылға қарай тұрғындар саны 150 мыңнан асады деген болжам бар.
СНХ: МАРАТ ЖҮНІСОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА, ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қазір Қосшы қаласында су құбыры құрылысының 4-ші кезегі жүріп жатыр. Бұл су құбыры іске қосылса шаһар тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Жоба құны 9,1 миллиард теңге. Жобаны осы жылы аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз.
РКС: Макинск қаласында су құбыры желілерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жоба бойынша 73 шақырымға жуық желі тарту көзделген. Бұған дейін бөлінген қаражат есебінен 45 шақырым болатын желі жұмысы аяқталды. Арнаулы мемлекеттік қордан бөлінген 606 миллион теңгеден астам қаржы жобаны толық аяқтап, қаланы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
ГҮЛНӘР БЕКЕНОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ