ДИКТОР: Солтүстікке көктем келіп, аймақ тұрғындары мен қонақтары таза ауада демалуға асығуда. Ең танымал бағыттың бірі-халық арасында Зеренді сарқырамасы деген атумен танымал болып кеткен Үлгілі шатқалы. Әсіресе көктем мезгілінде бұл жерге келушілердің қарасы қалың. Табиғаттың сұлулығына таңдану бір бөлек, оны көздің қарашығындай сақтауға қатысты әңгіме тіптен ерек. Мамандар қашан да Табиғат-Ананы аялауды естен шығармауды сұрайды.
РКС: Сарқырама, көздің жауын алатын жартастар мен Үлгілі шатқалының таза ауасы жыл сайын елдің түкпір-түкпірінен жүздеген туристі өзіне тартады. Оны қызықтауға келушілер оның аумағында от жағып, қызу демалыс ұйымдастырады. Сондықтан танымалдықпен қатар тәуекел де артады.
СНХ: АЛЕКСАНДР БЕЛУХА, «КӨКШЕТАУ» МЕМЛЕКЕТТІК ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІ "ОРМАНДЫ БҰЛАҚ" ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Шатқал біздің филиалдың аумағында орналасқан, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар бар. Сарқырамаға келушілер бұл жерде өте сақ болмаса өте қиын. Абайсыз бір қозғалыс ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Күн сайын, тәулік бойы рейдтік іс-шаралар, кезекшіліктер өткіземіз. Өрт сөндіру машинасы бар, тәулік бойы қызмет көрсетеді. Өрт қауіпсіздігі ережелерін, қауіпсіздік техникасын қатаң сақтау қажет. Әсіресе балалармен келгенде өте абай болу керек. Табиғатты қорғаңыздар дер едім. Біздің міндетіміз-табиғатты сақтау ғана емес, сонымен бірге көбейту, ұрпаққа аманат ету.
РКС: Мұнда тек арнайы жабдықталған жерлерде от жағуға рұқсат етіледі. Демалғаннан кейін отты сөндіруді және барлық қоқыстарды жиып, алып кетуді ұмытпаған жөн, - дейді құтқарушылар.
СНХ: ДӘУРЕНБЕК МҰҚЫШЕВ, ЗЕРЕНДІ АУДАНДЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІНІҢ АҒА ИНЖЕНЕРІ: Өрттің қауіпті кезеңінде "Орманды бұлақ" филиалымен бірлесіп апта сайын орман алқабында қызыл жалынның алдын алу шараларын өткіземіз. Тұрғындар орман алқаптарында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаса екен деген тілегіміз бар.
РКС: Туристердің көпшілігі демалыс кезінде айналадағы тазалық пен қауіпсіздікті өздері бақылап отырады.
СНХ: ВЕРА МАРКЕВИЧ, ДЕМАЛУШЫ: Біз бұл жерге жыл сайын келеміз. Біз әрқашан табиғатты қорғауды, өзімізден кейін қалған қоқысты тазалап кетуді әдетке айналдырғанбыз. Табиғаты керемет, демалған ұнайды. Барлық тұрғындар өздерінің соңынан жиыстырып кетіп отырса, Табиғат та таза қалпында сақталар еді. Осы жағына көңіл бөлуге үндеймін.
РКС: Құтқарушылар тіпті бір ұшқынның өзі жойқын апатқа әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Қарапайым сақтық шараларын ұстана отырып, елдің табиғи байлығын сақтауға әрқайсымыз жауапты болуымыз керек.
НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ