Ұстаз еңбегі еленді
ДИКТОР: Қазанның бесі елімізде Мұғалімдер күні – барша ұстаздардың кәсіби мерекесі аталып өтеді. Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде педагогтерге құрмет көрсетіліп, олардың қоғам дамуындағы маңызды рөлі атап өтіледі. Көкшетауда ұстаздар қауымының бір топ өкілі марапатталған салтанатты шара өтті.
STAND-UP: ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ТІЛШІ: Мерекелік шара ұстаз мамандығының мәртебесін арттырып, педагог еңбегіне деген құрметті нығайтуға бағытталды. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов жиналған ұстаздарды кәсіби мерекемен құттықтап, оларға адал еңбегі мен ел болашағына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бүгінде Ақмола облысының 531 мектебінде 143 мыңға жуық бала білім алып, 24 мыңнан астам педагог еңбек етеді. Мектеп саны бойынша өңіріміз республика деңгейде екінші орындамыз. Педагогтеріміздің басым бөлігі жаңа аттестаттау жүйесінен өтіп, кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіруде. Бұл – өңіріміздегі адами капиталдың зор әлеуетін көрсетеді. Жалпы, Мемлекет басшысы тарапынан педагогтарға, соның ішінде Ақмола ұстаздарына үнемі зор құрмет көрсетіліп келеді. Президент Жарлығына сәйкес былтыр өңіріміздің 10 ұстазына мемлекеттік награда табыс етілсе, биылдың өзінде 18 ұстазымыз осындай марапатқа ие болып отыр. Ұстаздарымыз республикалық және халықаралық кәсіби байқауларда аймақ абыройын асқақтатып келеді.
STAND-UP: ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ТІЛШІ: Салтанатты шараға 500-ден астам мұғалім мен педагогика саласының ардагері қатысты. Жиын барысында өңірдің үздік педагогтері марапатталды. Жалпы 40-қа жуық ұстаздың еңбегі еленіп, оларға түрлі төсбелгілер, құрметті атақтар мен алғыс хаттар табысталды. Соның бірі – білім саласында 40 жылдан астам еңбек еткен ардагер Гүлзада Кәрімова «Еңбек ардагері» белгісімен марапатталды.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ГҮЛЗАДА КӘРІМОВА, БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ: Бүгін міне, «Еңбек ардагері» марапатқа ие болып отырмын. Өте қуаныштымын, өте бақыттымын. 44 жыл еңбегім зая кеткен жоқ деп ойлаймын. Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев айтқан екен: «Алты алаштың басы қосылған жерде төрт ұстаздікі», деп. Сол марапатты көріп жатырмыз бүгін. 5 қазан – Халықаралық Ұстаздар күні. Ұстаз тек мамандық емес, адамның қалыптастырушы, үлкен тәрбие беруші. Барша ұстаздарды құттықтаймын үлкен мерекемен. Баршасына зор денсаулық тілеймін!
STAND-UP: ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ТІЛШІ: Мерекелік жиын өңірге танымал жұлдыздардың және өнерлі ұстаздардың қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.
ИНТЕРШУМ:
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ