Құмар ойындарын ұйымдастырғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды
ДИКТОР: Ақмола облысының тұрғыны әлеуметтік желілерде құмар ойындарын ұйымдастырғаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Қаржылық пайда табу мақсатында әйел Instagram желісінде парақша ашып, ондағы тікелей эфирлерді тамалаушылар бәс тігу арқылы өтетін жарыстарға қатысқан. Қатысушылар 100-ден 2100 теңгеге дейінгі мөлшерде бәс тәге алатын. Ойынға бір мезгілде төрт адам қатысатын. Ең жоғары мәнді жүлделі картаны суырған ойыншы жеңімпаз атанатын. Ұтыс сомасы барлық ойыншылардың бәс тіккен ақшасының жиынтығынан ұйымдастырушының үлесін алып тастағаннан кейінгі қалдықтан құралатын. Елордалық прокуратураның дерегінше, бір жыл ішінде түскен заңсыз табыстың жалпы көлемі 90,5 миллион теңгеден асқан. Әйел Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабы, 2-бөлігі, 3-тармағы бойынша заңсыз құмар ойындар бизнесін ұйымдастырғаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Құқық қорғау органдары халыққа арнайы лицензиясыз онлайн-құмар ойындар мен лотереяларды ұйымдастыру қылмыстық құқық бұзушылық болып табылатынын еске салады. Заңсыз құмар ойындар арқылы пайда табу әрекеттері қылмыстық жауапкершілікке, соның ішінде жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруға, мүлікті тәркілеуге, сондай-ақ мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, квазимемлекеттік секторда және қаржы ұйымдарында белгілі бір лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салуға әкеліп соғады.