Өткен күннің шырқалды есті әні
ДИКТОР: Көкшетау қаласының Орталық қалалық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өткен күннің есті әндері қайта жаңғырып, «Бұл менің жастық шағым» атты ән кеші өтті. Әуезді әуенмен әрленген мерекелік шара Қарттар күніне орай ұйымдастырылды. Жастық шақтың жарқын күндерін еске түсірер ретро әндер шырқалып, сол бір сағынышқа толы кезеңнің сырлы саздары қайтадан көпшілікке жол тартты. Кітапхана ұжымы мен қазыналы қарияларымыз бір сахнада тоғысып, әсем әнмен кештің шырайын кіргізді.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Төрден орын алған қонақтардың барлығы дерлік өнер мен мәдениет саласының майталмандары, талай жылын руханият пен шығармашылыққа арнаған ардақты жандар. Өнердің өрісін кеңейтіп, мәдениеттің мәйегін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан аға буын өкілдері.
СНХ: АЛТЫНШАШ ШҮКІБАЕВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Кітапхана ұжымына үлкен рахмет айтамыз. Қарттар күнінде бізді ұмытпай, қадірлеп, сыйлап, құрметтеп жүр. Соған біз мәзбіз. Ескі өлеңдерді, жастық шақты еске алып, отырайық, өлең айтайық, өнерімізді көрсетейік деп келіп отырмыз. Бұрынғы әндер өте тамаша. Сол әндермен біз өстік.
СНХ: ӘДЕЙ ӘБІЛКЕҰЛЫ, «ШАҢЫРАҚ» ХОРЫНЫҢ МҮШЕСІ: Жастық шақты еске алатын күнге орай, бәріміздің басымызды қосып жатырсыздар көптен-көп рахмет. Осылай қарттарды сыйлап жатқан артымыздан ерген ұрпақ, бала-шағамызға, өнегелі, үлгілі болып, әбден жақсы тәрбие алса, біз жақсы тәрбие берсек, елімізге, ұрпаққа үлгі. Үлкенді сыйлаған елміз.
РКС: Кеш барысында қонақтар көрермен болып қана қоймай, мерекелік көңіл-күйді көтеруге ат салысты. Түрлі қызықты ойындар ойналып, көңілді сайыстар ұйымдастырылды. Әсем әуеннің ырғағымен билеп, жастық шақтың жарқын сәттерін қайта бір өткергендей күй кешті.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: БАҚЫТГҮЛ ҒАЛИЕВА, ОРТАЛЫҚ ҚАЛАЛЫҚ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР КІТАПХАНАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Қарттары бар ел, қазыналы ел деп айтады. Сондықтан да қарттарымыз аман болсын. Әрқашан біз қарттарымызды қадрлеген жандармыз. Сондықтан қарттарымыздың жастарына жас қосылсын, бақытты кәрілік тілейміз.
РКС: Осындай тағылымы мол, тағзымы бөлек кеште өткен күннің есті әндері қайта жаңғырып, жүректерге жылу сыйлады. Өнер мен мәдениетті өмірінің өзегіне айналдырған ардақты жандардың басын қосқан мерекелік шара ұмытылмас әсерге толы болды.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ КӨКШЕ АҚПАРАТ