Жаңа технологиялар-тәртіп сақшыларының таптырмас құралы
ДИКТОР: Камераға түскен құқық бұзушылық туралы ақпарат бірден операторға жетеді. Мектепте жүйе күдікті жағдайды байқап қалса, дабыл қағады Ал, жолда көлік қозғалысының жылдамдығын арнайы кешен тіркейді. Бүгінде құқық қорғау органдарына заманауи технологиялар көмекке келуде. Облыстағы тәртіпті 5 жедел басқару орталығы бақылайды. Мұндай жүйелер бүгінде не істей алады және полицейлер оларды қалай пайдаланады? Бұл туралы тілші баяндасын.
РКС: Көкшетаудағы Жедел басқару орталығы өткен жылы жаңғыртылды. Мұнда жұмыс орындары, LED-экран және бейнебақылау жүйесі жаңартылды. Орталыққа қаладағы ірі сауда нысандарының камералары, сондай-ақ облыстағы 500-ге жуық мектептің камералары қосылған. Барлық ақпарат қызметкерлерге нақты уақыт режимінде түседі. Қазір жасанды интеллект жүйесі де сынақтан өткізіліп жатыр. Әзірге жоба 2 мектепте жұмыс істейді. Камералар тек бейнені көрсетіп қана қоймай, белгілі бір жағдайларды өздігінен тани алады. Егер жүйе әдеттен тыс жағдайды байқаса, ақпарат бірден операторға түседі.
СНХ: АРМАН ЕРУБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ЖЕДЕЛ БАСҚАРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Бізде жасанды интеллект жүйесі бар «Cerebro» платформасына 14 камера қосылған. Олар Жедел басқару орталығына шығарылған. Жүйе мұғалімнің болмауын, агрессивті әрекетті анықтайды. Жақсы функциялардың бірі, жерде жатқан адамды анықтау. Мұндай жағдай тіркелген кезде бірден дабыл беріледі.
РКС: Қала көшелерінде 300-ден астам камера орнатылған. Олардың көмегімен қызметкерлер жолдағы жағдай мен қоғамдық тәртіпті бақылайды. Ал, бірқатар құқық бұзушылықты арнайы кешендер тіркейді.
СНХ: БАХТИЯР ТЫНЫСБЕК, ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ БАТАЛЬОНЫ ҚЫЗМЕТІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ: Бұл «Автоураган MS» кешені жылдамдық режимін бұзуды анықтауға арналған. Әсер ету радиусы 100-150 метр. 360 градус аумақта тіркеу жүргізеді. Бағытын автоматты түрде ауыстырады.
РКС: Бүгінде заманауи жабдықтар құқық қорғау органдары үшін таптырмас құрылғы. Полиция қызметкерлері заттай дәлелдемелерді есепке алудың цифрлық жүйесін де пайдаланады. Мамандардың айтуынша, мұнда тергеу үшін маңызды материалдар сақталады. Сондықтан олардың сақталуын үнемі бақылауда ұстау қажет.
СНХ: РУСТАМ ФАРХУТДИНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Ақмола облысының Полиция департаментінде заттай дәлелдемелерді сақтау бөлмелерінде аппараттық-бағдарламалық кешен жұмыс істейді. Бұл кешен заттай дәлелдемелерді уақтылы жою, сақтау және олардың есебін жүргізу тәртібін қамтамасыз ету үшін қажет. Дәлелдемелерді сақтау бөлмелерінде есірткі заттары, оқ-дәрілер, атыс қаруы да сақталады. Оларды белгіленген тәртіпке сәйкес уақтылы жою қажет.
РКС: Осылайша, заманауи жүйелер полиция жұмысының әртүрлі бағыттарын біртіндеп қамтып келеді. Камералар жағдайды бақылауға, арнайы кешендер құқық бұзушылықтарды тіркеуге, ал цифрлық жүйелер үлкен көлемдегі ақпаратпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ.