ДИКТОР: Қазақстанда ауыл шаруашылығы санағы басталды. Оның мақсаты - аграрлық саланың қазіргі жағдайы туралы нақты әрі сенімді деректер базасын қалыптастыру. Мұндай мәліметтер фермерлерді тиімді қолдау шараларын әзірлеу және ауылды өңірлерді дамыту үшін қажет.

РКС: Ауыл шаруашылығы санағы әр 10 жыл сайын өткізіледі. Бұл – елдегі аграрлық секторды талдауға арналған маңызды құрал. Әрбір шаруашылықта санақ жүргізушілер мынадай мәліметтерді тіркейді: қанша жер өңделеді, қандай дақылдар өсіріледі, техника мен мал басы қанша, ауыл шаруашылығы өндірісінде қанша адам жұмыс істейді.

СНХ: РАСУЛ ЕРҒАЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ СТАТИСТИКА ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Ауыл шаруашылығы санағының басты мақсаты – аграрлық сала бойынша толық әрі сенімді деректер базасын құру. Бұл база ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға бағытталған тиімді мемлекеттік саясат пен бағдарламаларды әзірлеуге негіз болады. Санақтың негізгі міндеттеріне барлық ауыл шаруашылығы өндірушілерін есепке алу, егістік және ауыл шаруашылығы алқаптарын пайдалану жөнінде ақпарат жинау, қолданыстағы техника мен еңбек ресурстары туралы мәліметтерді тіркеу, сондай-ақ мал мен құс санына баға беру жатады.

РКС: Былтыр өңірде ауыл шаруашылығы бойынша пилотты санақ жүргізілді. Бұл шара аграрлық саланың жай-күйін бағалауға мүмкіндік берді. Зеренді ауылдық округі әкімінің орынбасары ауданда санақтың қалай өткенін баяндап берді.

СНХ: РҮСТЕМ КӘТЕНОВ, ЗЕРЕНДІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Былтыр Зеренді ауылдық округіне қарасты Айдабол ауылында ауыл шаруашылығы бойынша пилоттық санақ жүргізілді. Бұл санақ аграрлық саладағы өзгерістерді, ауыл шаруашылығы жануарларының санының азайып-азаймағанын нақты бағалауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейі, қолда бар техника, пайдаланылып жатқан ауыл шаруашылығы жерлері туралы толық мәлімет жиналды. Мал басына қатысты да санақ жүргізіліп, жеке қосалқы шаруашылықтар толық қамтылды. Соның нәтижесінде ауылда бүгінгі күні қанша мал, соның ішінде сиыр, қой және жылқы бар екені нақты анықталды.

РКС: Ауыл шаруашылығы санағы екі кезең бойынша өткізіледі: ол 1 маусымда басталып, 20-шы қазанға дейін жалғасады. Санақ барысында құпиялылық қағидалары қатаң сақталады. Жиналған барлық мәлімет тек статистикалық мақсаттарда қолданылады және үшінші тарап ұйымдарына берілмейді.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ