ДИКТОР: Облыс әкімі Марат Ахметжанов Қосшы қаласы мен Целиноград ауданында азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады. Кездесу барысында тұрғындар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, инфрақұрылымды дамыту, үлестік құрылыс, абаттандыру және денсаулық сақтау салаларына қатысты өзекті мәселелерді көтерді.

РКС: Қабылдау барысында қала тұрғыны Ирина Осипова облыс әкіміне «Даймонд парк» тұрғын үй кешені құрылысының аяқталуына қатысты мәселесі бойынша жүгінді. Қосшы қаласының әкімі Азамат Қапышев бұл мәселені шешу үшін нақты шаралар қабылданып жатқанын атап өтті. Құрылысты аяқтау мақсатында тәжірибелі құрылыс компаниясы тартылып, нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осыған ұқсас мәселе бойынша «Құрылтай» тұрғын үй кешенінің үлескерлері де шағымданды. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов қала әкімдігіне және тиісті органдарға жағдайды жан-жақты зерттеуді тапсырды. Қабылдау барысында жолдарды жөндеу және абаттандыру мәселелері де көтерілді. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков жол төсемін жаңартуға 6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінгенін айтты. Жалпы, жеке қабылдау кезінде 100-ге жуық сұрақ қойылды. Облыс әкімі барлық көтерілген мәселенің шешілуін өз бақылауына алатынын жеткізді. Целиноград ауданында да облыс әкімі Марат Ахметжанов дәл осындай қабылдау өткізді. Оған 50-ден астам адам жазылып, 30-дан аса сұрақ көтерді. Кездесу барысында өңір басшысы Қоянды ауылында салынуы жоспарланған қоқыс өңдеу орталығына қатысты мәселеге түсініктеме берді. Ол бұл жобаны барлық тиісті ведомстволар мен ұйымдар бірлесіп, жан-жақты зерделеу қажеттігін тапсырды. Сонымен қатар, аудандық емхана ұжымындағы жағдай да өзекті мәселенің бірі ретінде қаралды. Осы шағымға байланысты облыс әкімі кешенді тексеру жүргізуді міндеттеді. Марат Ахметжанов тұрғындарға Астана агломерациясын дамытудың Кешенді жоспары аясында қаңғыбас иттерге арналған арнайы орын салу жоспарланып отырғанын хабарлады. Нысан құрылысы қаңғыбас жануарлар проблемасын шешуге мүмкіндік бермек. Қабылдау барысында азаматтарға құқықтық және әлеуметтік мәселелер бойынша түсініктемелер берілді. Көтерілген әрбір мәселе бойынша жауапты мемлекеттік органдардың басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Терең талдауды қажет ететін мәселелер облыс әкімінің жеке бақылауына алынды.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ДАМИР САДЫҚОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ