ДИКТОР: Аршалыда мемлекет және қоғам қайраткері, өз дәуірінің бірегей тұлғасы Жұмабек Тәшеневтың 110 жылдық мерейтойына арналған «Ұлтына қорған болған ұлы тұлға - Жұмабек Тәшенев» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға қоғам қайраткерінің ұрпақтары, зиялы қауым өкілдері мен Парламент Мәжілісінің депуттары қатысты. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.

РКС: Ұлы даланың тарихында ұмытылмайтын ерекше есімдердің бірі – Жұмабек Ахметұлы Тәшенев. Ол тек өз заманында ғана емес, кейінгі ұрпақ үшін де аңызға айналған тұлға. Жұмабек Тәшеневтің есімі Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастықты қорғаудағы ерекше ерлігімен тарихта қалды. Шара барысында қатысушылар алдымен Жұмабек Тәшеневтің кіндік қаны тамған жер Танакөл ауылында орналасқан «Мемориалдық белгі» тасқа гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Бұдан соң конференцияға келген қонақтарды ғұламаның есімімен аталатын мектептің ауласына тігілген ақшаңқан киіз үйлерде қарсы алды. Шара барысында мектеп оқушыларының орындауындағы күйлер мен әндер жиналған көпшіліктің көңілінен шықты. Шара Жұмабек Тәшеневке арналған жаңа мұражайдың салтанатты ашылуымен жалғасты. Мұнда қоғам қайраткерінің өмір жолы, қызметі мен күрескерлік болмысы жайлы тың мәліметтер ұсынылып, тарихи суреттер мен құжаттар жұрт назарына ұсынылды.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: МАРЖАН МҰРАТОВА, Ж.ТӘШЕНЕВ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕПТІҢ МҰҒАЛІМІ: Көптеген құжаттарды архивтерден алды. Және де ол кісінің қолданған заттарын Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің келіні берген Фатима Сыдықовна, ұрпақтары берген альбомдарды жинақтап, осы мұражайды ашуға сәті туып тұр. Бұл мұражайдың ашылғанына өте қуаныштымыз. Мұражайда Жұмабек Ахметұлы Ташеневтің өзі жеке қолданған кружкасы, бас киімі, ыдыстары қойылған. Ол туралы айтылған естелік сөздер, көптеген кітаптар бар.

РКС: Жиынның негізгі бөлімі «Ұлтына қорған болған ұлы тұлға – Жұмабек Тәшенев» атты конференциясында оның өмірі, ерлігі мен шығармашылығы кеңінен талқыланды. Спикерлер оның саяси қызметі, ұлттық мүдде жолындағы күресі, сондай-ақ еліміздің саяси-экономикалық және мәдениет саласына қосқан орасан үлесін атап өтті. Жұмабек Тәшенев өз уақытында мемлекет үшін ғана емес, сондай-ақ ұлттың рухани және мәдени жаңғыруына да зор ықпал еткен тұлға болған. Оның өмірі мен ерлігі бүгінгі ұрпаққа үлкен тағылым, ал оның атқарған істері еліміздің болашағына бағытталған айқын бағдар,- дейді жазушы Нұржан Қуантайұлы.

СНХ: НҰРЖАН ҚУАНТАЙҰЛЫ, Л.ГУМИЛЕВ АТЫНДАҒЫ ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДЕКАНЫ: 2002 жылы Тәшенов туралы толық мәлімет қазақ баспасөзіне шықты. Одан бері 23 жыл өтті. Осыдан 23 жыл бұрын өз замандастары мемлекет қайраткері болған Сағындық Кенжебаев сияқты кісілер болмаса ешкім Тәшенов туралы ештеңе айтпайды. Өйткені ол Қонаев заманынан айтылмайды. Одан кейінгі заманда да айтылмады. Тәшеновты кейінгі ұрпақ білмеді. Мысалы өз басым білмейтінмін. Жұмабек Ташенев, расында, қазақ халқы үшін, қазақ халқының келешегі үшін, қазақ халқының жері үшін күрескен үлкен ұлы тұлға.

СНХ: СЕРІК НЕГИМОВ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ: Мыңжылдықтың тұлғасы. Қазақстанның территориясы 2 млн 700 мың шаршы шақырым болатын болса, соның 5 облысы 555 мың шаршы шақырым. Осындай 5 облыстың жерін Кремльдің тегеурінінен, аждаһанның аузынан алып қлған бірден бір қайраткер, арыстан жүректі ер – Жұмабек Ахметұлы Тәшенев. Екінші Тәшеневтің ерлігі Мұхтар Әуезовке Ленин сыйлығына ұсынуы. Және Алматыдағы Абай ескерткішін қоюы. Осы Әуезовпен ақылдаса отырып. Нұрмолда Алдабергеновке, Жазылбек Қуанышбаевқа екінші рет Социалистік Еңбек ерін әперген-тағы да Тәшенев. Тағы бір ерлігі – Сталиндік құғын-сүргіннің құрбаны болған, халық жауы Мағжан Жұмабаевтың жарына Зылиха Жұмабаеваға Алматыда пәтер алып берген. Және қазақтың ғылым, өнер, мәдениет қайраткерлеріне, Алматы қаласының орталығында, Төлебаев көшесінде 128 қайраткерге үй алып беруі – ол керемет нәрсе, Тәшеневтің еңбегі.

РКС: Жиынға арнайы келген Жұмабек Тәшеневтің ұрпақтары шараның жоғары деңгейде өткенін айтып, тарихи тұлғаның есімі мен ерлігін ұлықтауда атсалысып жүрген барша жандарға ризашылығын білдірді.

СНХ: САЯН ТӘШЕНЕВ, ЖҰМАБЕК ТӘШЕНЕВТІҢ ҰЛЫ: Бүгін біздің отбасымыз үшін қуанышты күн. Себебі, совет үкіметі кезінде партияға қарсы шыққаны үшін әкем жұмыстан қуылған еді. Ол кезде Хрущев - коммунистік партияның бет-бейнесі болды. Көп нәрсені айтуға тыйым салынған кезең еді. Түрлі сылтаумен: «жаман басшы», «ұлтшыл», «қатал», «экономикадан хабары жоқ» деп айып тағылды. Ал қазір әкемнің еңбегі толық зерттеліп, шындық ашылып жатыр.

РКС: Шара қорытындысы бойынша конференцияға қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталды. Бұдан соң Жұмабек Тәшеневтің ұлы Саян Жұмабекұлы әкесіне арнап ас беріп, келген қонақтарға құрмет көрсетті.