ДИКТОР: Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Бахрейннің Манама қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында 4 алтын, 5 күміс және 5 қола алды. Дзюдодан бәсекелер екі күнге созылды. Ұлттық құрамадан 50 келі салмақта Әділжан Нұрбекен мен 66 келіде Бекәли Еркен, 52 келі салмақ дәрежесінде Фатима Сұпығалиева және 70 келіге дейінгі салмақта Айша Алтай қарсылас шақ келтірмей, жарыс чемпионы болды. 55 келіге дейінгі салмақта Аслан Ерғалиев, 48-ге дейінгіде Алуа Балтабай, 73 келіге дейінгі салмақта Сейфіл Дәулеткерей мен 90 келіге дейінгіде Шыңғысхан Тәңірберген, ал 90 келіден асқан салмақта Әділжан Жаудинов күміспен күптелді. Ал Адия Жанахмет, Інжу Сахабадин, Інжу Жұмажан, Азима Серік және Тоғжан Төлебайлар Қазақстан қоржынын қола жүлдемен толықтырды. Азия ойындарында дзюдо бойынша бәсекеге барлығы 31 елден 182 жас татами шебері қатысты. Жалпыкомандалық медаль кестесінде Қазақстан құрамасы 2-ші орынға ие болды.