ДИКТОР: Көкшетаудағы Ғалым атындағы мешіт маңындағы шағын аудан тұрғындары көшелерде жарықтың жоқтығынан қиналып кеткендерін айтып шағымдануда. Айтуларынша, бұл мәселе бойынша қалалық әкімдікке бірнеше рет өтініш білдірген. Бірақ, еш қорытынды жоқ дейді, Тілшіміз Евгений Варанкин жалғастырады.
РКС: Асеев және Тәшенов көшесінің бойындағы жекеменшік сектордың тұрғындары үшін жарықмен мәселе бітпек емес. Осы бағыт бойынша жалғыз ғана автобус жүреді. Әсіресе мектеп жасындағы балалар мен қарияларға қиын,-дейді тұрғындар. Қазір күн ерте бататындықтан, оқушылар мектептен үйге қараңғы уақытта жаяу қайтуға мәжбүр.
СНХ: ЖАҢЫЛ ҚҰРМАНБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Үшінші – көп иттер. Су, жылы – ол енді сондай үлкен глобальный вопростар, жол. Бір көшені істеді, басқа көшелерде өкінішке орай жол жоқ, сливтар жоқ. Қазір тез қараңғы болады, сағат алтыда қараңғы, балалар автобуспен келеді, бір автобус ғана. Бір жаққа ғана барады 3. Сағат жетіден бұл автобус біз жаққа келмейді. Сондықтан бүкіл ата-аналар жұмыстан шығып, тез өздері келіп балаларын өздері алып келеді, алып кетеді. Бізге жылу келсе жақсы болар еді, өйткені көмір өте қымбат. Отын өзіміз аламыз.
СНХ: ВЛАДИМИР ТОЛГУРОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Асеев көшесінде 18 үй бар. Мүлде жарық жоқ. 1997 жылы өз күшімізбен ағаш бағандар орнатқанбыз, сол қалпында әлі тұр. Сымдар тор секілді салбырап ілініп тұр, жиі үзіліп қалады. Былтыр жолды қиыршық таспен тегістеген, бірақ асфальт төселген жоқ. Қысқы уақытта тіпті қараңғы. Қыста жолдар мүлдем тазаланбайды. Өз күшімізбен тазалаймыз. Өзіміз жүк тиегіш жалдап, қарды өзіміз күрейміз.
РКС: Бұдан басқа тұрғындар аялдаманың жоқтығына да наразылық білдіруде. Мешіт маңында аялдама белгісі болғанымен, ол ешқашан орнатылмаған. Сол себепті тұрғындар автобусты жаздың аптап ыстығында, күздің жаңбырлы, қыстың боранды күндері ашық аспан астында күтуге мәжбүр. Аталған мәселе қашан шешілетіні туралы жауапты сала өкілдері айтты.
СНХ: СӘКЕН НАЗЫРОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: Қазір электр желілеріне қызмет көрсетуді «Көкшетау қалалық электр желілері» серіктестігінің мердігер ұйымы жүзеге асырады. Аталған ұйым Көкшетау қаласының барлық көше-жол желісіне,оның ішінде жарыққа қатысты қызмет көрсетеді. Чеботарев, Тукин, Асеев және Сандыбаев көшелеріне биыл бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Келер жылға жоспар әзірленген кезде бұл учаскелер міндетті түрде жалпы жұмыс жоспарына енгізіледі.
РКС: Тәшенов көшесінің бойындағы күйіп кеткен шамдар жуырда ауыстырылады. Бұл бағыттағы жұмыстар қазірдің өзінде жүргізілуде. Айта кетейік, Асеев көшесін жарықпен қамтамасыз ету үшін арнайы оқшауланған сым сатып алынды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі өкілдерінің айтуынша, бұл көшеге жарық келер жылы тартылады. Бұдан бөлек қазір барлық автобустың қозғалыс жиілігі мен жолаушылар ағыны зерттеледі. Кейін Тәшенов көшесі бағыты бойынша қосымша автобус маршрутын іске қосу мәселесі қаралады.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ