ДИКТОР: Көкшетауда туберкулезбен күрес саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы мен қоғамның осы бағыттағы белсенділігін арттыру мәселелеріне арналған кеңес өтті. Жиынға мемлекеттік органдардың, медицина мекемелерінің және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

РКС: Бұл кездесу – мемлекет пен қоғамның ортақ күшін біріктіріп, туберкулезбен күрестегі өзара әрекеттестікті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды бастама. Ол мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар және азаматтық қоғам арасындағы серіктестікті күшейтіп, ортақ мақсат жолындағы бірлікті нығайтты.

СНХ: ТАМИЛА ШАЯХМЕТОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАСЫНЫҢ ФТИЗИАТРЫ: Туберкулезбен тиімді күрес жүргізу үшін мемлекет, үкіметтік емес ұйымдар және азаматтық қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажет. Үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік осал топтармен жұмыс істей отырып, оларға әлеуметтік, медициналық және психологиялық көмек көрсетуде маңызды роль атқарады. Айта кетерлігі, соңғы он жыл ішінде туберкулезбен сырқаттану көрсеткіші 55,1 процентке төмендеді.

РКС: Мемлекет тарапынан туберкулезбен күреске жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Қазір аурудың алдын алу және ерте анықтау бағытында арнайы бағдарламалар жүзеге асырылуда. Өңірдің медициналық мекемелері заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Соның ішінде небәрі екі сағаттың ішінде туберкулез қоздырғышын 95 процент дәлдікпен анықтай алатын 149 GeneXpert аппараты тиімді қолданылып жатыр.

СНХ: ҒАЛИЯ САБАТАЕВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: Былтыр Көкшетау қалалық мәслихатының қолдауымен белсенді кезеңдегі туберкулезбен ауыратын науқастарға көрсетілетін әлеуметтік көмек көлемі 10 айлық есептік көрсеткіштен 15 айлық есептік көрсеткішке дейін артты. Бұл – біз үшін де, науқастар үшін де үлкен жетістік. Себебі мұндай қолдау олардың өмір сапасын жақсартуға және емделу процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ қала әкімдігі тарапынан белсенді ем алып жүрген туберкулезбен ауыратын азаматтарға ай сайын қаржылай көмек көрсетіліп келеді.

РКС: Кеңес қорытындысы бойынша қатысушылар денсаулық сақтау саласында үкіметтік емес ұйымдардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету және түрлі сала арасындағы өзара іс-қимылды күшейту жөнінде ұсыныстар енгізілген қарар қабылдады. Туберкулезбен күресте нақты әрі ұзақ мерзімді нәтижелерге тек мемлекет, медицина және қоғамның бірлескен күш-жігері арқылы ғана қол жеткізуге болады,-дейді ұйымдастырушылар.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ