ДИКТОР: 28 маусым - бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Күні кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төртінші билік өкілдеріне құрмет көрсетті. Бүгін Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүрген журналист қауымын төл мерекемен құттықтады. «Арқа төрі-Ақмола» атты облыстық байқау биыл 10 номинация бойынша ұйымдастырылды. Облыс әкімінің сыйлықақысын иеленгендердің қатарында «Көкше» телеарнасының қызметкерлері де бар. Мерекелік шараға қатысып келген тілшіміз Самал Ысқақова баяндасын.
РКС: Әдетте БАҚ өкілдерін түсірілім алаңдарында, түрлі жиындарда кезіктіреміз. Ал, бүгін сала қызметкерлерін «Болашақ сарайының» концерт залында жолықтырдық. Жұмыс бабымен емес. Мұнда әріптестеріміз өздерінің төл мерекелері қарсаңында облыс әкімі Марат Ахметжановпен кездеспек. Көп ұзамай салтанатты шара да басталды. Ортаға аймақ басшысы шығып, жиылған жұртшылықты мейраммен құттықтады.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Ақмолалық журналисттер өз өлкесі үшін үлке жауапкершілікті сезінетініне мәлім. Сіздердің мамандықтарыңыз әр адамның қолынан келе бермейтін іс. Бұл өмір сүру салты және өз мамандығына деген өте зор құрмет. Журналист адалдықты, шындықты талап ететін ақиқат. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздерге қажырлы әрі жанқиярлық еңбектеріңіз үшін алғыс айтқым келеді.
РКС: Құттықтау сөзден соң Марат Ахметжанов бірқатар маманға түрлі дәрежедегі марапат табыстады. Бірнеше қызметкерге Құрмет ордені, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі, қызметтік міндетін мінсіз орындағаны үшін Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына арналған мерейтойлық медалі берілді. Айтулы марапатқа ие болғандардың бірі ардагер журналист Жабал Ерғалиев.
СНХ: ЖАБАЛ ЕРҒАЛИЕВ, АРДАГЕР ЖУРНАЛИСТ: 1973 жылдан бері Көкшетауда еңбек етіп келе жатырмын. Сенаторлық қызметімді қоспағанда 54-55 жыл болып қалды. Журналистика мамандығын ешқандай мамандыққа айырбастаған жоқпын. Айырбастамаймын да. Журналист болып өмір сүрдік, журналист болып өмірден өтетін шығармыз. Өйткені ой айту, пікір айту біздің ел ағасы ретіндегі міндетіміз.
РКС: Кеште «Көкше» телеарнасының өкілдері де құрметке бөленді. Айталық, телеарна операторы Жүрсін Өмірзақ өңірдің дамуы мен өркендеуіне қосқан еңбегі және мінсіз қызметі үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: «Арқа төрі-Ақмола» облыстық байқауының қорытындысы бойынша «Үздік бейнетүсірілім» номинациясы бойынша Сабырбек Шериязданов бас жүлдеге лайық деп танылса, «Үздік талдамалы материал» номинациясында редактор-жүргізуші Фариза Асылбековаға облыс әкімінің сыйлық ақысы табысталды.
СНХ: ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ОБЛЫСТЫҚ «KOKSHE» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ РЕДАКТОР-ЖҮРГІЗУШІСІ: Менің бұқаралық ақпарат құралдары саласында қызмет етіп жүргеніме биыл 13 жыл. Оның 10 жыл уақытым осы телевизия саласына арналған. Бүгін облыс әкімінің қолынан үлкен марапатқа ие болып жатырмын. Бұндай марапатқа қол жеткізіп отырғаным бірінші рет. Осы уақыт аралығындағы азын аулақ еңбегіміздің бағаланып жатқаны деп білемін. Осындай құрмет көрсетіп, еңбегімізді бағалағандарына зор алғысымды білдіремін. Барлық әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын.
РКС: Журналистер – байланыстырушы көпір. Біз халық үнін билік басындағыларға, ал биліктің айтарын халық құлағына жеткіземіз. БАҚ өкілдеріне жұрт тамсана қарайды, оларға сенеді. Жалпы, бұл күні бұқаралық ақпарат құралдарының 40тан аса қызметкер түрлі марапатқа ие болды.
САМАЛ ЫСҚАҚОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ