ДИКТОР: Жыл сайын 26 маусым Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні ретінде аталып өтеді. Бұл күнді Біріккен Ұлттар Ұйымының Ассамблеясы 1987 жылдың желтоқсанында бекітті. Бүгінгі таңда қылмыстық есірткі бизнесінің сын-қатерлеріне қарсы күрес есірткіге қарсы мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі. Қоғамда есірткіні заңсыз пайдалануға және есірткі бизнесіне қатысты саналы теріс көзқарасты қалыптастыру арқылы мемлекет құқық қорғау және алдын алу шараларын жүзеге асырады. Ақмола облысының полицейлері де қалыс қалмайды.

РКС: Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күнін облыс орталығында ашық аспан астында атап өтті. Қала тұрғындары мен қонақтарына арнайы шара ұйымдастырылды. Арнайы жедел әрекет ету отряды сарбаздарының жауынгерлік шеберліктері де көрсетілді.

СНХ: ВИТАЛИЙ ГУДЫМЕНКО, ОБЛЫСТЫҚ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Бұл тек облыс орталығында ғана емес, өңірдің барлық аумағында, аудандары мен қалаларында да жүргізілуде. Бір ай бойы нашақорлық пен есірткі бизнесінің алдын алуға бағытталған нашақорлыққа қарсы айлық өткіздік. Бұл айлықтың мақсаты – халықты ақпараттандыру, есірткінің зияны туралы, есірткіге қарсы құқық бұзушылық жасаудың құқықтық салдары туралы мүмкіндігінше ақпараттандыру.

РКС: Айлық аясында облыста 100-ден астам түрлі профилактикалық іс-шара өткізілді. Полицейлер есірткіге қарсы айлық еліміздің әрбір азаматы ортақ іске үлес қоса алатынын тағы бір мәрте еске салуға мүмкіндік беретінін айтады. Оған түрлі волонтерлік ұйымдар мысал бола алады. Нашақорлыққа қарсы күреске ерекше қатысқан қала белсенділері сыйлықтар мен Алғыс хаттарға ие болды.

СНХ: МАРЖАН МУСКИНА, «ЖАСТАР РУХЫ» ЖАСТАР ҚАНАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ КОНСУЛЬТАНТЫ: Жалпы, партияның жастар қанаты нашақорлықпен белсенді күресіп жатқанын айтқым келеді. Тіпті, «Есірткіге жол жоқ» деген жобамыз да бар. Осы жоба аясында біз есірткі қылмысына қарсы күрес департаментімен бірлесе отырып, есірткі жарнамалары мен граффитилерін жасыру мақсатында түрлі акцияларды өткізіп жатырмыз. Біз әртүрлі іс-шараларды өткіземіз, атап айтқанда: салауатты өмір салтын насихаттауға арналған интеллектуалды ойындар, спорттық шаралар.

РКС: Бүгінгі таңда облыста 483 нашақор есепте тұр. Ал түптеп келгенде есірткіні қолданатындар әлдеқайда көп.

СНХ: АЛЕКСАНДР ВЫСОЦКИЙ, ОБЛЫСТЫҚ ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Есірткі физикалық және психикалық денсаулыққа орны толмас зиян келтіреді. Олар барлық органдарға, жүйке жүйесіне әсер етеді. Психикалық тұрғыдан бұл депрессия мен әртүрлі бұзылуларды тудырады. Мұның бәрі міндетті түрде емдеуді қажет етеді. Облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры ретінде мен баршаңызды белсенді өмір салтын ұстануға, салауатты өмір салтын сақтауға және ешқашан, ешбір жағдайда есірткі қолданбауға шақырамын.

РКС: Біріккен Ұлттар Ұйымының бағалауынша, қазіргі уақытта есірткіні тұтынушылардың жаһандық саны планетаның жалпы халқының кем дегенде 3 процентіне жеткен. 15 пен 30 жас аралығындағылар үшін бұл көрсеткіш 4 есеге жоғары. Аймақтың нашақорлыққа қарсы саясаты жастармен жұмыс істеуге бағытталғанын атап өткен жөн.

МАҚПАЛ ЕРҒАЛИЕВА, ҚАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕН, ӘЛІШЕР ШАКУБАЕВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ