ДИКТОР: Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби мерекесіне орай еліне еңбегі сіңген, журналистика саласының майталмандары «Асыл жүрек» номинациясы бойынша Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, «Қазақстанның құрметті журналисі» медалі табысталды. Айта кетейік, Ақмола облысында алғаш рет азаматтық қоғамды дамытуға қомақты үлес қосқаны үшін медицина саласының маманын Қазақстан Журналистер Одағының атынан алтын төсбелгі табыс етті.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Адам өмірін өлім аузынан аман алып қалып жатқан абзал жандардың еңбегін ескермеу мүмкін емес. Облыстық көпбейінді ауруханасының жүрек орталығында 6 бөлімше жұмыс істейді. Онда 30-дан астам дәрігер маманы еңбек етуде. Ақ халатты абзал жандардың еңбегі еленіп, ел алдында үлкен құрметке ие болуда. Соның бір көрсеткіші қоғам дамуына қомақты үлес қосқаны үшін Нұрлан Мінайдаровқа табысталған алтын медаль.

СНХ: НҰРЛАН МІНАЙДАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАСЫ КАРДИОХИРУРГИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Жүрекке операциялар 2008 жылдан бастап жасалып келеді. Осы уақытқа дейін 4 мыңға жуық операция жасалды. Жүрекке жасалатын операциялардың 90 пайызы біздің ауруханада жасалады. Тек балалар кардиохирургиясы мен жүрек трансплантациясы ғана жасалмайды. Бұл тек менің еңбегімнің жемісі ғана емес. Бұл барлық облыс жүрек отасын жасайтын дәрігерлердің еңбегі деп білемін. Құрметке бөлегендеріңіз үшін рақмет.

РКС: Өңірдің ғана емес, еліміздің журналистика саласында өзінің қолтаңбасын қалдырып, жарты ғасырдан астам ғұмырын сүйікті мамандығына арнаған Иван Перерва да шараның құрметті қонағы болды. Талай жыл «Степной маяк» және «Акмолинская правда» газеттерінде материалдары жарық көрді. Ел алдындағы еңбегі еленген журналистика саласының ардагеріне «Қазақстанның құрметті журналисі» төсбелгісі табысталды.

СНХ: ИВАН ПЕРЕРВА, ЖУРНАЛИСТИКА САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ: Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің төл мерекесін атап өту басталып кетті. Баршаңызға мереке құтты болсын. Еліміздің көк байрағы ашық аспан астында желбірей берсін. Мемлекетіміз қуатты елдердің қатарынан көрініп, дами берсін деп тілеймін.

РКС: Айта кетейік, өңірлік басылымдарда қызмет етіп жүрген тілшілердің бір тобы Қазақстан Журналистер Одағының Құрмет грамотасымен марапатталды. Шара соңында зиялы қауым өкілдері мен аймақ тілшілері естелік суретке түсті.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.