ДИКТОР: Өткен тәулікте Есіл, Аршалы және Целиноград аудандарында 3 адам суға кетті. Жалпы 1 маусымнан бері суға шомылу және балық аулау кезінде 6 оқыс оқиға орын алған. Суға түсу маусымында адамдардың қауіпсіздігін бақылау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ең маңызды міндетінің бірі. Сала мамандары су айдындарында адам өлімінің алдын алу бағытында кешенді шаралар жүргізуде.

РКС: Целиноград ауданы Нұресіл ауылы маңында көктемгі су тасқыны кезінде жиналған суға 2013 жылы туған бала батып кетті. Ол жағадан 15 метрге ұзап жүзіп кеткен. Кейін малтып шыға алмаған. Облыс аумағында тағы бір адамды іздестіру жұмыстары жүріп жатыр.

СНХ: АСХАТ АҚЫЛЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Аршалы ауданында бір жағдай тіркелді. Ер адам үрлемелі матраста серуендеп жүріп, жел көтеріліп, оны жағалаудан 200 метрге дейін алып кеткен. Кейін матрас аударылып, ол адам суға кетті. Тағы бір жағдай Есіл ауданында болды. Бұл адам да достарымен табиғатқа шыққан. Есіл өзенінің кей жерлерінде ағыс өте күшті. Сол жерде суға кетті.

РКС: Суға түсу маусымы басталғалы республика бойынша суға кетудің 43 дерегі тіркелді, оның 24-і бала. Су қоймаларындағы жазатайым оқиғалардың негізгі себептері: мас күйінде суға түсу, балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру, өз күшін жете бағаламау және жүзе білмеу.

СНХ: АСХАТ АҚЫЛЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бүгінгі таңда облыста суға шомылу үшін арнайы бөлінген 82 орын бар. Оның 68 жеке және 14 коммуналдық жағажайлар. Облыста 25 стационарлық және 21 модульдік бассейн жұмыс істейді, жүзуге жағдай жасау жұмыстары жалғасуда. Жергілікті атқарушы органдары мен білім бөлімдері модульдік бассейндерді сатып алып, лагерьлерге орнатуда. Сондай-ақ ағымдағы жылдың 20 маусымынан бастап Қопа көліндегі Көкшетау жедел-құтқару жасағының аумағында балаларды жүзу дағдыларына үйретуде. Бүгінгі күнге дейін 84 бала құтқарушы ретінде дайындалды./

РКС: Жазғы уақытта азаматтардың қауіпсіздігін ұйымдастыру үшін департамент Қопа, Зеренді, Щучье және Бурабай көлдерінің акваторияларында қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. 13 бірлік техника, 28 жүзу және сүңгуір техникасы жұмылдырылды. Күн сайын рейдтер ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары өтуде. Бұл жұмыстарға 1,5 мыңнан аса ерікті жұмылдырылған. Төтенше жағдайлар департаменті Ақмола облысының тұрғындары мен қонақтарына су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін тағы да ескертеді.

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ.