ДИКТОР: Зеренді ауданында соңғы бірнеше жылдан бері жарық мәселесі өзекті. Ондағы электр желілері әбден ескірген. Сәл жел тұрса сымдар үзіліп, елдімекендер бірден жарықсыз қалады. Бұл мәселені шешу үшін Зеренді ауылында келер айда жаңа электр желісі пайдалануға беріледі.

РКС: 1999 жылы Зеренді ауданындағы электрмен қамтамасыз ету желілері толығымен жекенің қолына өткен. Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің жетекшісі Әуезхан Шормановтың айтуынша жекешелендіріп алған қожайындар электр жүйесін дер кезінде жөндеп, жаңартпаған. Уақытылы жөндеу көрмеген желілер әбден ескірген, апатты жағдайда тұр. Соның салдарынан қарапайым халық зардап шегіп отыр. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы шеңберінде Зеренді ауылына жаңа электр желісі тартылған.

СНХ: ӘУЕЗХАН ШОРМАНОВ, АУДАНДЫҚ СӘУЛЕТ, ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Өткен жылдың желтоқсан айында Зеренді ауылында 10 квттық электр желісі пайдалануға берілді. Ұзындығы 16 шақырымды құрайды. Бұл жоба шеңберінде 28 трансформатор монтаждалды. Жоба құны 435 млн теңге. Қазіргі уақытта желінің құжаттары реттеліп, тіркеу жұмыстары жүріп жатыр, үстіміздегі жылдың шілде айында жаңа желі іске қосылады. Жаңа желі үзіліссіз жұмыс істейтін болады. Тестілеу режимінен апатсыз, еш кедергісіз өтті.

РКС: Шілде айында қосылатын жаңа желі Зеренді ауылындағы жарық мәселесін толық шешпек. Келер жылы бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, аудандағы өзге елдімекендерге жаңа электр желісін тарту жоспарланып отыр.

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ДАРХАН МҮЖІБАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ