ДИКТОР: Мәдениет қайраткерлері ашық аспан аясындағы «Ботай-Бурабай» музейін кеңейту туралы ұсыныс тастады. Ол жерде атпен серуендеуге жағдай жасап, жаңа экспонаттар әкелу жоспарланған. Мұндай бастама туристерді тартуға ықпал етеді. Одан қалды, кәсіпкерлер жаңа орындар мен тартымды нысандар салып демалушылардың санын арттыруды көздейді. Жоспармен облыс әкімі Марат Ахметжанов танысты.

РКС: Ботай-Бурабай – аспан астындағы этнографиялық музей. Кешен 2018-жылы ашылған. Бағдарламаның мақсаты – халықтың рухани құндылықтарын жаңғырту. Кешеннің жалпы аумағы 25 мың шаршы метр. Ол ботай дәуірінің құрылысынан айнымайтын 7 бөліктен тұрады. Облыстық туризм басқармасының басшысы атап өткендей, жақын арада бұл жерде туристерді тартуға бағытталған жобаларды іске қосу жоспарланған.

СНХ: АНДРЕЙ ПОДГУРСКИЙ, ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Біз бұл жерге экскурсия әкеліп, мүмкіндігімізді кеңейткіміз келеді. Осы жердің өкілдерімен бірге ортақ жобаларды жүзеге асырмақшымыз. Бізге тек бір нәрсе кедергі болып тұр. Ұлттық саябақ пен мемлекеттік ұлттық табиғи парк. Өйткені жер соларға берілген. Келісім бар. Осы сұрақты біржақты ету керек.

РКС: Сәулетшілер мен мәдениет қайраткерлері аймақ басшысына кешенді жаңарту жоспарын ұсынды. Яғни, аумақты жаңғыртып, туристерге арналған жаңашылдықтар енгізу керек. Марат Ахметжанов бұл бастаманың туризм бойынша кеңес отырысында қаралатынын атап өтті. Бұдан кейін облыс әкімі Бурабай ауылында орналасқан жаңа этно-кофеханаға барды. 3 қабатты нысан 309 орынға шақталған. Ал, 2025-ші жылға қарай бұл жерге қонақүй кешені салынады деп жоспарланған.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Ерекшеліктеріңіз бар, қолтаңбаларыңыз бар ол біздің ұлттық таңба бар. Ол өте дұрыс, ол мәдениетімізді насихаттауға, әрі қарай туристтарға жайлы жағдай жасау, жаңа жұмыс орнын ашып жатырсыздар, біз сондай жобаларды қолдаймыз.

РКС: Туризм саласындағы инвестициялық жобаларға да көп көңіл бөлінуде. Мәселен, ең ірі жобалардың бірі "Riverside" қонақүйі. Оның құрылтайшысы жергілікті кәсіпкер Жамбыл Қаманов. Айта кетейік, Қамановтар көпбалалы отбасы, олар 11 бала тәрбиелеп отыр. Жобалары сәтті жүзеге асуда. Жалпы, биыл өңірімізде инвестициялық жобалар аясында 31 туризм нысанын ашу көзделген.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ЗАРИНА БЕКҚАЛИЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ