ДИКТОР: Оқу жылының аяқталуына санаулы күн ғана қалды. Облыста 536 білім ошағы бар. Аймақтағы мектептерде оқу жылы мамырдың 23-інде «Білімім – Отаныма!» атты бірыңғай сынып сағатымен аяқталады. Онда «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарына басымдық беріледі.
РКС: Мамырдың 12-сі мен 20-сы аралығында барлық білім алушылар арасында «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп», «Адал азамат» тақырыптық бағыттары бойынша эссе жазу ұйымдастырылды. Үздік жұмыстардың авторлары бірыңғай сынып сағатында марапатталады. Сынып сағатында жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы да ескертіледі. Биыл 6 мыңға жуық оқушы 11 сыныпты аяқтамақ. Соның 350-ге жуығы «Алтын белгіге» үміткер. Педагогикалық кеңестің шешіміне сәйкес түлектер үшін мектеп қабырғасында мамырдың 23-і мен 24-інде «Мектебім, саған мың алғыс!» салтанатты шарасы өтеді. Мектеп бітірушілер үшін мерекелік шаралар өткізуге қатаң тыйым салынған. Облыс аумағында білім беру жүйесін дамытуға елеулі ықпал еткен бірқатар маңызды шаралар да атқарылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа 9 мектеп қолданысқа берілді. Осылайша бірқатар өңірдегі орын тапшылығы біршама азайды. Алдағы оқу жылында Целиноград, Жарқайың аудандарында, Көкшетау қаласында және Степногорск қаласының Бестөбе кентінде тағы жаңа 5 мектеп оқушыларды қабылдамақ.
СНХ: АЙНАГҮЛ БАЛТАШЕВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан және бастауыш сыныптарынан 65 мыңға жуық оқушы мектептерде тегін ыстық тамақпен қамтылды, және жазғы демалыс кезеңіне жолдамалар сатып алуға қаражат (121,5 млн.тг.) қарастырылған. 2025 жылғы жазғы кезеңде демалыспен қамту – 93% (124 539 бала), жұмыспен қамту – 100% (134 008 бала) құрайды. Жазғы кезеңде 16 лагерь жұмыс істейді: 9 – мемлекеттік, 7 – жекеменшік. Мектептерде 36 мыңнан астам баланы қосымша қамту мақсатында 208 күндізгі лагерьлер ұйымдастырылады.
РКС: Бұдан бөлек, 4600-ге жуық оқушыны шатырлы, киіз үй лагерлерімен қамту жоспарланып отыр. Ол жерде олар бір апта көлемінде балалар туризмінің және өлкетанудың қыр-сырымен танысады. 5-9 сыныптың 71 мыңға жуық оқушысы үшін тамақтандырусыз 350 бейіндік алаң жұмыс істейді. Халықаралық, республикалық олимпиадаларда биылғы оқу жылында облыс оқушылары біраз жетістікке қол жеткізді.
СНХ: АЙНАГҮЛ БАЛТАШЕВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Біздің команданың Үндістан елінде өткен робототехника бойынша First Global Challenge(Фёcт глобал челлендж) халықаралық чемпионатындағы жеңісін (2 орын -15 күміс медаль), «Robotek Grand Tournament»(Роботэк гранд турнамент) халықаралық чемпионатында күміс жүлдегерлерін (Бурабай ауданының және Көкшетау қаласының оқушыларының), сондай-ақ биология пәні бойынша ашық халықаралық олимпиадада, VII Азия-Тынық мұхиты лингвистикалық Олимпиадасында – осы жақын арада біздің оқушылар күміс және қола медальдарының иегерлері болып атанғанын ерекше атап өткен жөн.
РКС: Мемлекет басшысының тарапынан ұстаздың қоғамдағы мәртебесін көтеруге ерекше көңіл бөлініп отыр. Аймақтың бір топ педагогы "Құрмет" орденімен, "Ерен еңбегі үшін" және "Шапағат" медальдарымен марапатталды. 3 ұстаз "Үздік педагог" атағын иеленді. Сондай-ақ Ақмола облысының педагогы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мұғалімдері мен білім беру қызметкерлерінің VIII съезі аясында өткен халықаралық педагогикалық шеберлік фестивалі жүлдегерлерінің үштігіне кірді. Мұның бәрі мұғалімдердің мақсатты, жүйелі жұмысының нәтижесі деп бағалау керек.
БЕЙБАРЫС ШАЛАБАЕВ,ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ