ДИКТОР: Маусым айында облыс аумағында «Қарасора-2025» жедел алдын алу шарасы басталды. Оның аясында жабайы және заңсыз өсірілген есірткі құрамдас өсімдіктерді анықтау және жою, сондай-ақ есірткі айналымына қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары жүргізілді.
РКС: Жедел алдын алу шарасы басталғалы өңірде есірткіге қатысты 24 құқық бұзушылық фактісі тіркелді. Оның ішінде 12 жағдай есірткі сату дерегі бойынша болса, тағы бір факті аса ірі көлемде есірткі сақтауға қатысты тіркелген. Сондай-ақ, 3 заңсыз өсіру дерегі мен 9 қылмыстық әрекет анықталған.
СНХ: ЕРЛАН АҚБАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: Жедел-іздестіру шаралары барысында синтетикалық есірткіні алдын ала сөз байласу арқылы сатқан екі адам ұсталды. Жабайы қарасораны жою бойынша 311 нұсқама берілді. Оның қорытындысы бойынша, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 420-бабы бойынша жабайы қарасораны жою шараларын қабылдамағаны үшін екі әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, есірткі затын қолданғаны үшін бір адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
РКС: Ал заңсыз айналымнан 26 келіден астам есірткі заты тәркіленді. Бұдан бөлек, шамамен 25 келіге жуық каннабис тұқымдас өсімдіктер мен сараптамаға жіберілген 921 түп есепке алынды. Есірткі қылмысына қарсы күресте алдын алу шараларына айрықша назар аударылып отыр.
СНХ: ЕРЛАН АҚБАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: Өңірде есірткі заттарын қолдануға қарсы көзқарасты қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және жастар арасында есірткіге қарсы мәдениетті дамыту мақсатында кең ауқымды алдын алу іс-шаралары ұйымдастырылды.
РКС: Мұндай шаралар облыстың барлық ауданында өткізілді. Акцияға 2 мыңнан астам адам қамтылса, айлық аясында жалпы қатысушылар саны 6 мыңнан асқан. Кешенді тәсіл мен ведомствоаралық өзара іс-қимыл есірткі қылмысына қарсы күресті күшейтіп, профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға септігін тигізді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ