ДИКТОР: Зорлық-зомбылықсыз өмір - жарқын болашақтың кепілі. Көкшетау қалалық орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» атты ақпараттық-танымдық сағат ұйымдастырылды. Шара өскелең ұрпаққа адамгершілік құндылықтарды дарыту мен балаларды зорлық-зомбылықтың түрлерінен қорғануға үйретуді басты назарға алып отыр.
РКС: Кітапхана қызметкерлері балалармен сенімді қарым-қатынас орнатып, өмірде кездесетін қауіпті жағдайлар мен олардан шығудың жолдары туралы ашық әңгімелесті. Сонымен қатар, балалардың өз құқықтарын білуі, өздерін және өзгелерді құрметтеу, достық пен мейірімділік қағидаларын сақтау қажеттігі түсіндірілді.
СНХ: НИНА ЕРМОЛИНА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР ҮЛГІЛІ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Қазіргі заманда қатігездік, махаббат, адамгершілік пен басқа да жағымды және жағымсыз қасиеттер араласып кетті. Сол себепті балалармен мейірімділік, түсіністік және сүйіспеншілік туралы сөйлесу маңызды. Шара барысында балаларға жанашырлыққа, өзара сыйластық пен шекараны түсінуге үйрететін кітаптар жайлы әңгімелеп, көрсеттік. Балалар зор қызығушылықпен өз өмірлерінен немесе кітаптардан оқыған оқиғаларымен бөлісті. Қазіргі ұрпақтың ізгілікке деген ұмтылысы қуантады. Олар жақсылықтың маңызын түсінеді.
РКС: Балалар танымдық сипаттағы түрлі ойындар ойнап, кітапхана қорындағы әдебиеттермен танысты. Әлішер Рамазан жазғы демалысында бос уақытын кітап оқуға арнағанды жөн көреді. Бүгін ол кітапханаға өзінің ой-өрісін кеңейту мақсатында жаңа әдебиеттермен танысу үшін келіпті.
СНХ: ӘЛІШЕР РАМАЗАН, КІТАПХАНА ОҚЫРМАНЫ: Маған кітап таңдауға Нина Алексеевна көмектесті, сол үшін оған үлкен алғысымды білдіремін. Кітапхана өте керемет, жайлы. Мен Жуковскийдің кітаптары мен Крыловтың мысалдарын таңдадым. Қызықты әрі тәрбиелік мәні бар кітаптар. Үйде Валентин Катаевтың «Фантазёрлар» атты кітабы бар. Қазір соны оқып жатырмын.
РКС: Кітапханамен қатар, «Парасат» оқу орталығының мамандары да балалармен зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Олар тәрбиелік мәні зор, мазмұнды әдебиеттерді оқуға кеңес беріп, оқушылардың адамгершілік қасиеттерін дамытуға ықпал етуде. Себебі кез келген баланың қауіпсіз, зорлық-зомбылықсыз ортада өсіп-жетілуі – қоғамның ортақ жауапкершілігі.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ