ДИКТОР: Бурабайда 15-16 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында кәсіпқой бокстан «Солтүстік дивизионы» бойынша іріктеу турнирі өтті. Бұл өңірде алғаш рет ұйымдастырылған айтулы дода. Турнирге Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ұлытау және Ақмола облыстарынан келген жас былғары қолғап шеберлері қатысты.
РКС: Жарысқа әр ауданнан 7 боксшыдан қатысты. Олар 7 салмақ дәрежесі бойынша өзара бақ сынасты. Әр салмақ санатында шаршы алаңға шыққан үміткерлердің осалы жоқ. Солардың бірі - 54 келі салмақта сынға түскен жерлесіміз Назерке Лұхманова. Ол қарағандылық қарсыласын тізе бүктіріп, жеңіс тұғырынан көрінді.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: НАЗЕРКЕ ЛУХМАНОВА, ТУРНИР ЖЕҢІМПАЗЫ (АҚМОЛА ОБЛЫСЫ): Жекпе-жек оңай болған жоқ, себебі қарсыласым да мықты, тәжірибелі спортшы екен. Онымен бұрын қолғап түйістірмегенбіз. Сондықтан қалай әрекет ету керек екенін білмедім. Қарсыласым физикалық тұрғыдан мығым, мінезі де бар екен. Алғашқы раундтан кейін бапкерім нақты нұсқаулар беріп, қалай дұрыс жұдырықтасу керектігін айтып, бағыт-бағдар берді. Төрт раунд - мен үшін әдеттегі жағдай емес, бірақ жақсы тыныстап, соңғы раундатрда бар күшімді салдым. Бүгін жеңіске жеттім. Бұған дейін мұндай деңгейдегі турнирлерге қатыспаған едім.
РКС: Еліміздің әуесқой боксшылары өздерін әлемдік деңгейде танытып, талай халықаралық жарыстарда топ жарып келеді. Соңғы уақытта жасөспірімдер арасында кәсіпқой боксты да дамыту мақсатында арнайы федерация құрылып, жүйелі жұмыс жүргізілуде. Боксшылар бұл турнирде нағыз чемпионға тән мінез көрсетіп, өз мүмкіндіктерін толық паш етті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер алдағы ірі жарыстарға жолдама алды.
СНХ: РАҚЫМЖАН ЕРДЕНБЕКОВ, ҚАЗАҚСТАН КӘСІПҚОЙ БОКС ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Бүгінгі финалдан өтетін балалар тамыз айында Ақтау қаласына «WBC Amateur Kazakhstan»-ға қатысады. Қазақстанда ұтқандары Самарқандқа «WBC Amateur TURKSOY»-ға барады. Одан өткендер «WBC Amateur World». Биыл Мексикада өтеді. Октябрь, ноябрьде.
СНХ: ӘСЕТ ИМАНҚҰЛОВ, ҚАЗАҚСТАН КӘСІПҚОЙ БОКС ФЕДЕРАЦИЯСЫ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІ АҚМОЛА ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Турнир жоғары деңгейде өтті. Барлық спортшының тыңғылықты дайындалғаны бірден байқалады. Жарысқа аса жауапкершілікпен келгені көрініп тұр. Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына, сондай-ақ демеушілерімізге көрсеткен қолдау үшін зор алғысымды білдіремін.
РКС: Үш күнге созылған тунирдің қорытындысы бойынша 1-ші орынның басым бөлігін жергілікті спортшылар еншіледі. Жалпы әр ауданнан жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, «Солтүстік дивизион» бойынша өткен жарыста жарқырап көрінген боксшылар құрамасы іріктелінді. Енді олар Атырауда өтетін ел біріншілігінде бақ сынамақ. Ал ең үздіктері биыл қазан-қараша айларында Мексикада өтетін «WBC Amateur World» чемпионатында ел намысын қорғайды.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ