ДИКТОР: Үш айлық жазғы демалыс - біреулер үшін шексіз еркіндік болса, енді біреулер үшін шығармашылық шабыттың, жаңа білім мен рухани кемелденудің алтын кезеңі. Балалардың уақытын тиімді әрі мазмұнды өткізуге бағытталған игі бастамалардың бірі - кітап оқуға баулу.Осы орайда қалалық балалар мен жасөспірімдер үлгілі кітапханасының атқарып жатқан шаралары туралы әріптесім Сәния Есімсейітова баяндайды.

РКС: Балалардың жазғы демалысын мазмұнды әрі пайдалы өткізу мақсатында Балалар және жасөспірімдер үлгілі кітапханасында «Балалықтан – даналыққа», «Кітап – менің досым» әдеби каруселі, «Жайдарлы жаз» библиопикнигі, «Адал адам, адал табыс» ақпараттық әңгіме сынды әртүрлі танымдық іс-шаралар өтуде. Сонымен қатар, кітапхана мүмкіндігі шектеулі балаларға да ерекше назар аударып, олардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруға үлес қосып келеді.

СНХ: БАҚЫТГҮЛ ҒАЛИЕВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР ҮЛГІЛІ КІТАПХАНАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Біздің балалар және жасөспірімдер үлгілі кітапханасы балалардың жазғы демалысын өте ауқымды шаралармен толықтыруда. Және жақсы ұйымдастырылуда. Балалар өздерінің бос уақытын жарты күн бойы біздің кітапханада өткізеді. Өздеріне ұнаған сүйікті кітаптармен танысып, мектеп кітаптары бойынша кітаптармен қамтамасыз етіп жатырмыз. "Қуаныш сыйлау бір бақыт" жобасы аясында "Аяла" орталығының мүмкіндігі шектеулі жандармен бізде көптеген шаралар өтіп жатыр. Балалар парасат орталығына келіп, одан кейін қалған уақыттарын бізбен тығыз жұмыс істеп, таңнан кешке дейін кітап оқуға дайын. Балалардың жазғы демалысының қызықты өтуіне біз септігімізді тигізіп жатырмыз деп ойлаймын.

РКС: Кітапхана қызметкерлері балаларды сүйікті кітаптарымен таныстырып қана қоймай, жаңа әдебиеттерге шолу жасап, олардың қызығушылығына сай бағыт-бағдар беруде. Жазғы демалыс басталғалы бері балалар кітапханадағы оқу залында жарты күнге дейін уақыт өткізіп, газет-журналдармен, жаңа түскен кітаптармен танысуда. Әсіресе жазғы уақытта «Достар», «Әжемнің ертегілері», «Супер бала» сияқты балаларға арналған басылымдар ерекше сұранысқа ие.

СНХ: ЖАНЕЛЬ ЖҰМАШ, ЖАС ОҚЫРМАН: Мен жазғы уақытымды кітапханада өткіземін. Мен кітапханада "Әжемнің ертегілерін" сүйіп оқимын. Оларды жақсы көремін.

СНХ: ЕРАСЫЛ ОРАЗОВ, ЖАС ОҚЫРМАН: Жазғы демалыста осы кітапханада әр түрлі шаралар өткізеді. Мен осы шараларға өзімнің достарыммен өте белсенді қатысамын. Осында мен достарыммен өте жақсы уақыт өткіземін. Мен "Абайдың 45 қара сөзі" деген кітапты оқып жатырмын. Қазір 25-ші қара сөзінде тоқтадым. Өзіміздің сөздік қорымызды көбейтуге, сөзімізді жақсарту үшін біз көбірек кітап оқып, жазғы уақытта гаджеттарды біраз қоя тұруымыз қажет және уақытымызды көбірек кітапханада өткізуіміз қажет.

РКС: Кітапханаға келуші жас оқырмандар уақыттарын тиімді өткізіп, шығармашылық қабілеттерін дамытып, жаңа білім көкжиегіне жол ашуда. Кітапхана ұжымы балғын оқырмандардың танымдық, рухани дамуына жан-жақты жағдай жасап отыр. Алдағы уақытта да осындай іс-шаралар жаз маусымы аяқталғанға дейін тұрақты түрде өткізіліп отырады.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ