ДИКТОР: Көкшетауда Ұлттық домбыра күніне орай «Ұлы дала әуені» атты жалпыоблыстық флешмоб өтті. Шаһарымыздың жаңа жағалауында өткен шарада 3 мың домбырашы бір мезетте ұлттық рухты ұлықтаған «Балбырауын» және «Адай» күйлерін орындады.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Дәстүр мен руханият тоғысқан бұл көрініс – елдік пен бірліктің белгісі іспеттес. Жаңа жағалауға жиналған жұртшылық ұлттық өнердің құдіретін тағы бір мәрте сезініп, шынайы рухани ләззат алды. Шараға кәсіби және әуесқой күйшілермен қатар, өңірдің әр түкпірінен келген жас өнерпаздар да қатысты.

СНХ: АҚНИЕТ АМАНТАЙ, ФЛЕШМОБҚА ҚАТЫСУШЫ: (АРШАЛЫ АУДАНЫ): Біз Аршалы ауданынан 20 оқушыдай болып келдік. Мен жалпы осы домбыраға қатысқаныма 6 жылдай болды. 20-дан астам күй білемін. Бүгінгі төл мерекеміз құтты болсын! Еліміздің рухы асқақтай берсін! Домбыра күні құтты болсын!

СНХ: СЕРІКБОЛСЫН СМАҒҰЛ, ФЛЕШМОБҚА ҚАТЫСУШЫ: (ҚОРҒАЛЖЫН АУДАНЫ): Мен осы домбыраны 10 жасымнан бастап жақсы көремін. Домбыра сен оған өз жүрегіңді бересің, оны тартсаң күшті сезімде боласың! Осындай шараға қатысқаныма қуаныштымын! Барша қазақстандықтарды ұлттық домбыра күнімен құттықтаймын!

РКС: Ұйымдастырушылардың айтуынша, ұлттық өнерді ұлықтаған бұл игі бастама дәстүрге айналып, алдағы уақытта да жалғасын табады. Шараның басты мақсаты - ата-бабадан мирас болып қалған күй өнері мен төл туындыларды көздің қарашығындай сақтап, оны келер ұрпаққа аманат ету.

СНХ: ЖАНАТ РӘШИТ, К.КҮМІСБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАЛЫҚ АСПАПТАР ОРКЕСТРІНІҢ БАС ДИРИЖЕРІ: Домбыра халқымыздың рухы, шежіресі, жаны, бабалардан қалған аманаты. Бүгінгі ұрпаққа жеткізу және дәріптеу әрқайсымыздың борышымыз. Домбыра күймен тілдесіп, тарихпен сырласатын біздің төл аспабымыз. Халқымыздың ұлттық үні. Әр шаңырақта күй ойналып, рух биіктей берсін! Домбыра күні құтты болсын!

STAND-UP: ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: «Әнге әуес, күйге құмар бала - жаны сұлу, өмірге ғашық болып келеді»,- деген Мұхтар Әуезов. Бұл шара соның тағы бір мәрте айқын дәлелі. Мыңдаған адамның қолына домбыра ұстатып, бір әуенге ұйыстыру – халқымыздың рухы мен бірлігінің көрінісі.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ