ДИКТОР: Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев жұмыс сапарымен Көкшетауға келді. Ол шаһардағы ірі өндірістік кәсіпорындарының жұмысымен танысып, кәсіпкерлерді толғандырған өзекті мәселелерді талқылады. Өнеркәсіптің дамуы заманауи технологиялармен қатар, мемлекеттік деңгейде тиімді қолдауды да қажет ететіні атап өтілді.
РКС: Өндірістік нысандарды аралау барысында Азат Перуашев бизнес өкілдерімен және кәсіпорын қызметкерлерімен пікір алмасты. Кездесуде несиелеудің қолжетімділігін арттыру, жаңа Салық кодексі және газдандыру мәселелері көтерілді.
СНХ: АЗАТ ПЕРУАШЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Қазір бірнеше проблеманы жинақтап отырмыз. Бұл мәселелер өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, көлік министрлігіне, сондай-ақ басқа да жауапты мемлекеттік органдарға қатысты. Бұл - сауда министрлігіне ғана қатысты емес. Біз осы проблемаларды жүйелеп жинаудамыз, және Парламенттің жұмысы қайта басталғанда бұл мәселелерді тиісті органдар алдында көтеретін боламыз.
РКС: «ЕНКИ» серіктестігінде депутат құрылыс кірпішін өндірудің толық циклымен танысты. Кәсіпорын басшылығы өндіріс қуатының тұрақты жүктелгенін атап өтті. Жабдықтарды көрсетіп, қазіргі жетістіктері мен өзекті мәселелер жөнінде айтты. Бүгінде негізгі кәсіпорында 250-ден астам адам, ал «ENKI PLUS» компаниясында 150-ден аса қызметкер жұмыс істейді.
СНХ: МЕЙРАМБЕК КЕҢЕСОВ, «ENKI» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ӨНДІРІС БАСТЫҒЫ: Екі зауытты таныстырдық. Жылына 60 миллион дана кірпіш өндіреді. Сонымен қатар, ENKI PLUS зауыты бар. Оның жылдық өндірістік көлемі 30 миллион дана кірпіш. Екі зауыттың жұмысын көрсетіп, кірпіштің саздан бастап толық дайын өнімге дейінгі өндіріс үдерісін көрсеттік.
РКС: Кездесу барысында депутат көтерілген мәселелер тиісті салалық министрліктерге жолданатынын айтты. Мұндай жұмыс сапарлары отандық өнеркәсіптің қажеттіліктеріне жедел әрекет етуге мүмкіндік береді,–деді халық қалаулысы.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ