ДИКТОР: Aqmola IT Hub инновациялық орталығында «Ice Cream Pitch Day» шарасы ұйымдастырылды. Жас әрі дарынды қатысушылар 10 стартап жобасын таныстырды. Шара барысында шығармашылық орта қалыптасып, қатысушыларға Көкшетау қаласының атақты «Гормолзавод» балмұздағы тегін үлестірілді.

РКС: Айбек Сағымбай - жас кәсіпкер. Жасы небары 16-да. Қарағанды қаласының тумасы. Питч-сессия барысында Айбек өзінің инновациялық жобасын таныстырды. Оның ұсынған шешімі қазіргі нарық талаптарына сай әрі тиімді болып бағаланды.

СНХ: АЙБЕК САҒЫМБАЙ, СТАРТАПЕР: Сіздердің назарларыңызға Dalamart жобасын ұсынамын. Dalamart - бұл өнім жеткізуші мен мейрамханаларды байланыстыратын B2B платформасы, маркетплейс. Бүгінгі мақсатым - бірінші орынды иеленіп, жобамды таныстыру. Мен мамыр айынан бері Aqmola IT Hub-пен бірге жұмыс істеп келемін. Осы уақыт аралығында түрлі іс-шараларға қатысып, тәжірибе жинадым. Республика деңгейіндегі және бірнеше халықаралық байқаулардың жеңімпазы болдым. Сонымен қатар, АҚШ пен Канададағы онлайн бағдарламалардың қатысушысымын.

РКС: Инновациялық орталықтың жетекшісі қатысушылардың жасына қарамай, ең бастысы - идея мен еңбек етуге деген ынта екенін атап өтті. Aqmola IT Hub базасында стартаперлерге барлық қажетті жағдайлар қарастырылған: тегін коворкинг, менторлық қолдау, білім беру курстары мен түрлі шаралар. Солардың бірі - Ice Cream Pitch Day жобасы.

СНХ: ДИАН АЙБАШПАНОВ, «ASTANA HUB»-ТЫҢ ӨҢІРЛІК МЕНЕДЖЕРІ: Бүгінгі шара аясында 10 стартап жоба жүлделі орындар үшін өзара бақ сынасуда. Шараның ұйымдастырушылары Ақмола облыстық жастар ресурстық орталығы мен «Көкшетау сүт зауыты». Кәсіпорынның қолдауымен қатысушылар мен қонақтарға тегін балмұздақ ұсынылуда. Бұл формат - мазмұнды шараны жағымды атмосферамен үйлестіре отырып, стартаптардың дамуын ашық әрі қолжетімді түрде көрсетуге мүмкіндік береді. Қатысушылар мен көрермендер еркін ортада балмұздақ пен сусыннан дәм татып, өңірлік инновациялық жобалардың өрісін тамашалай алады.

РКС: Шараның басты мақсаты – өңірде келешегі бар технологиялық жобаларды анықтап, жаңа IT-компаниялардың дамуына қажетті жағдай қалыптастыру. Байқау нәтижесінде Dalamart жобасын ұсынған Айбек Сағымбай бірінші орынға ие болып, бас жүлдені жеңіп алды. Екінші орын Forest Fire Alarm System жобасының авторы Ескендір Ерікұлына табысталса, Qwestly жобасымен көзге түскен Анастасия Скляроваға жүлделі үшінші орын бұйырды.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКША АҚПАРАТ