ДИКТОР: Парламент депутаттары маусымның 30-да үшінші сессия жұмысын қорытындылады. Шілденің бірінен бастап халық қалаулылары өңірлерді аралап, сайлаушыларымен кездесуге шықты. Ақмола өңірінен сайланған Мәжіліс депутаттары да аймаққа сапарларын бастады. Халық қалаулысы Айна Мүсірәлімова Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушылық-профессорлық құрамымен және студенттерімен кездесті.

РКС: Кездесу барысында Айна Мүсірәлімова Парламент қабырғасында атқарылған жұмыстардың қорытындысын баяндады. Сондай-ақ профессорлық-оқытушылық құрам мен университет студенттері тарапынан қойылған өзекті сұрақтар мен ұсыныстарды тыңдады. Психологиялық қызмет, білім беру және ғылыми процесс, гранттарды көбейту тақырыптары қозғалды. Жергілікті атқарушы органдар мен жоғары оқу орнының өзара іс-қимылы, балалар мен студенттердің құқығын қорғау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.

СНХ: АЙНА МҮСІРӘЛІМОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Қабылданған заңдардың қай тетіктері жұмыс істемей жатыр? Неліктен? Қазір өңірлерді аралаған кезде солар бойынша ұсыныстарды тыңдап, соны саралап жүрміз. Парламенттегі бұл жолғы шақырылымның жұмыс істеп жатқанына 2,5 жылдан асты. Аймаққа жиі келіп тұрамын. Заң шығарушылық жұмыстың қорытындысын халықтың пікірінен-ақ көріп жүрміз. Жүздеген заңнама қабылданды. Осылай аймақтарға шыққан кезде біздер мыңдаған ұсынысты жинап, зерделеуге алып барамыз.

РКС: Жоғары оқу орнының өкілдері қосымша қолдауды қажет ететін бағыттарға тоқталды.

СНХ: АРДАҚ ҚАПЫШЕВ, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ: Кездесу барысында әртүрлі сұрақтар көтерілген-ді. Ол психологиялық оқу процесі және медициналық кадрларды даярлау. Биыл біз жаңа жатақхана тапсырғанбыз. Студенттерге қандай жағдайлар жасалынған? Мүмкін кейбір проблемалары бар? Мүмкін сіздерден ұсыныстар болады деген сияқты. Сондай міне форматта жоғары деңгейде кездесу өтті.

РКС: Мәжіліс депутаты Студенттер үйінің тыныс-тіршілігімен танысты. Заманауи үлгідегі жаңа ғимарат 500 орынға шақталған, былтыр қолданысқа берілді. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде алты жатақнахана жұмыс істеп тұр. 1800-ден астам студент тұрып жатыр. Жоғары оқу орнының қабырғасында 10 мыңдай студент білім алуда. Оның 8-мыңы-бакалавриат. Жоғары оқу орнында психологиялық, медициналық қызметтер, жастар саясаты жөніндегі департамент жұмыс істеп тұр. Студенттер кез келген уақытта олардың көмегіне жүгіне алады.

ГҮЛНӘР БЕКЕНОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ