ДИКТОР: Несиелендіру мәселесі көптеген қазақстандықтар үшін қашан да өзекті. Оны шешудің пәрменді тетіктерінің бірі-банкроттық және азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. Тек жыл басынан бері 4 мыңнан астам ақмолалық тиісті өтініш берді.
РКС: 2023 жылдың 3-ші наурызынан бастап Қазақстанда "Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы" заң қолданысқа енді. Аталған заңнама қарызды реттеудің соттан тыс және сот банкроттығы, сондай-ақ төлем қабілеттілігін қалпына келтіру сынды үш мүмкін жолын ұсынады. Сұранысқа ие рәсім-соттан тыс банкроттық, - дейді мамандар.
СНХ: ТОБЫЛ ДЕМЕСІНОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: Соттан тыс банкроттықты тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы борыштар бойынша ғана қолдануға болады. Соттан тыс банкроттықты қолдану үшін жиынтықта белгілі бір шарттарға сай болуы қажет. Атап айтқанда, кредиторлар алдындағы міндеттемелердің жиынтық мөлшері өтініш берілген күні айлық есептік көрсеткіштің 1600 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс. Борышкердің меншік құқығында, оның ішінде ортақ бірлескен меншік құқығында мүлкі болмауы тиіс. Өтініш берілген күні жеті жыл ішінде соттан тыс немесе сот банкроттығы рәсімін қолданбау.
РКС: Азаматтар үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарында, электронды үкімет порталы немесе eGov Mobile мобильдік қосымшасы арқылы өтініш беру мүмкіндігі қарастырылған. Заң күшіне енгеннен бері облыста 10 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Алайда, 7,5 мыңнан астамы бойынша банкроттықтың белгіленген өлшемдеріне сәйкессіздіктер анықталды.
СНХ: ТОБЫЛ ДЕМЕСІНОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: Өтінішті қанағаттандырудан бас тартудың бірнеше себебі бар. 12 ай ішінде өтелген қарыз, мүліктің болуы, кредиторлармен борыш реттелмеген. Нәтижесінде 1100-ге жуық азамат банкрот деп танылды. Әрине, банкроттық несиелендірудің барлық мәселесін шеше алмайды. Бұл үмітсіз қарыздан құтылуға мүмкіндік беретін және белгілі бір салдарға әкелетін соңғы шара.
РКС: Банкроттық рәсімінен өткеннен кейін бес жыл ішінде азаматтарға банктер мен микроқаржы ұйымдарынан несие алуға тыйым салынады. Сондай-ақ үш жыл ішінде мүліктік сатып алулардың қаржылық мониторингі жүргізіледі. Банкроттық рәсімін жеті жылдан кейін ғана қайта пайдалануға болады.
НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.