ДИКТОР: Соңғы 10 жылда Ақмола облысында 1 мың шақырымнан астам автожол жөнделді. Бірінші кезекте «Астана - Петропавл», «Астана - Павлодар» және «Астана - Қарағанды» сынды маңызды көлік бағыттарына басымдық берілді. Аймақтың жол желісі 8 мың шақырымға жуық. Оның 2 мың шақырымнан астамы республикалық маңызы бар жол.

РКС: Заманауи, қауіпсіз әрі жайлы жолдар – аймақтың экономикалық дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан облыс бойынша барлық деңгейдегі автомобиль жолдарының жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асыру жалғасуда.

СНХ: ВЛАДИМИР КУЛАКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Ақмола облысында автомобиль жолдарының желісі жақсы дамыған. Облыс аумағы арқылы Астана-Петропавл, Астана-Павлодар, Астана-Қарағанды және Екатеринбургке шығатын Астана-Қостанай бағыттары бойынша халықаралық көлік дәлізі өтеді. Егер өткен жылды алатын болсақ, былтыр жергілікті және республикалық маңызы бар жолдардың, оның ішінде елдімекендердің көше-жол желісінің құрылысына және жөндеуге 106 миллиард теңгедей бөлінді. Соның арқасында 800 шақырымдай автомобиль жолы жөнделді. Биыл 110 миллиард теңге бөлініп отыр. Оған тағы да 800 шақырым жолды жөндемекпіз.

РКС: Көкшетауда жолдарды жөндеу қыза түскен. Сарыарқа шағын ауданында үш учаскеде жол салынып жатыр.

СНХ: ШОҚАН ЕСІМСАҒИЕВ, УЧАСКЕНІҢ АҒА ШЕБЕРІ: Қазір жолдың негізгі бөлігін дайындап жатырмыз, одан соң геотекстиль төсейміз, одан соң қажетті жабындыларды төсеп, екі қабат асфальт жабылады. Сонымен қатар қазір жаяу жүргіншілер жолына қажетті материалдарды төсеу үшін дайындап жатырмыз. Су өткізгіш арықтарды монтаждау жұмысы да қатар жүргізілуде. Бұл көшеде оның ұзындығы 400 метр. Сегізінші көшеде 240 метр. Шамамен тамыздың 25-де аяқтаймыз деп отырмыз.

РКС: Айта кету керек, аймақтың бірнеше елдімекендерінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Қосшы қаласында, Талапкер, Қараөткел, Қоянды, Жібек жолы, Қызылсуат және Ұзынкөл ауылдарында жұмыс қарқынды. Көлік инфрақұрылымын дамыту ерекше бақылауда. Бұл жұмыс келер жылдары да жалғасады.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ