ДИКТОР: Көкшетауда алдағы жылу беру маусымына дайындық қызған шақ. Бұл мақсатқа қазынадан 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Қазір қаражат қазандықтарджы жөндеуге, жылу жүйелерін жаңартуға және қатты отын сатып алуға бағытталды. Алдағы қысқа дайындықты қыркүйектің 15-не дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.
РКС: Көкшетауды жылумен қамтамасыз ететін 2 қазандық бар. «Көкшетау жылу» кәсіпорнының құрамына жергілікті қазандықтар мен жылу жүйелері кіреді. Биылғы жылу беру маусымы аяқталысымен құбырлар мен қазандықтарға гидравликалық сынақ жүргізілді. Мамырдың алғашқы күндерінен алдағы жылу беру маусымына дайындалу үшін жөндеу науқаны басталып кетті.
СНХ: РУСЛАН МӘКІШЕВ, «КӨКШЕТАУ ЖЫЛУ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ КӘСІПОРНЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: Қазіргі уақытта №2 аудандық қазандықтың бірнеше қазандығы жөнделіп жатыр. Үкіметтің резервінен жылу беру маусымына дайындық жұмыстарына 826 миллион теңге бөлінді. Бүгіндері жұмыстың тең жартысы орындалды. 1 аудандық қазандықтың жөндеу жұмыстарына жергілікті қазынадан 87 миллион теңге бөлінді. Жұмыс аяқталды десек болады.
РКС: Алдағы жылу беру маусымына 10 мың тоннаға жуық Екібастұз, 358 тонна Майкөбе көмірі мен 8 мың тонна мазут дайын тұр. Десе де қысқа дайындықтың қарқынына тұрғындардың жылуға қарызы қолбайлау болып тұр. Қарыздар қажетті барлық жұмысты атқаруға кәсіпорынның мүмкіндігін шектеуде.
СНХ: АСҚАР НҰРМАҒАНБЕТОВ, «КӨКШЕТАУ ЖЫЛУ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ КӘСІПОРНЫ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Көкшетау жылудың» алдындағы тұтынушылардың дебиторлық қарызы 221 миллион теңге. Оның 150 миллион теңгесі жеке тұлғалардыкі, қалғаны заңды және бюджеттік ұйымдардың берешегі. Соның салдарынан біздің де тасымалдаушыларға берешегіміз 220 миллион теңгеге жетіп қалды. Осыншама қарыз көрсетілген қызметке қордаланды. Әрине тұтынушылар қарызын жапса, біз де бір жыртығымызды жамар едік. Сол қаржымен еңбекақы төленеді және салық төлемдері өтеледі.
РКС: Мамандар кәсіпорында кадр тапшылығының бар екенін де жасырмайды. Әсіресе, слеарьлар, дәнекерлеуші мен электр және газбен дәнекерлеушілерге сұраныс жоғары. Айта кетейік, Қазақстанда биыл жұмысшы мамандықтар жылы. Сондықтан осы бастаманың аясында аталған бағыттар бойынша мамандарды оқыту және жұмысқа тартуға қатысты жұмыстар қыза түскен.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ