ДИКТОР: Жарқайың ауданына қарасты Тасөткел ауылында ауыл шаруашылығының екі маңызды бағытын қамтитын дала күні мен мал шаруашылығы күні аталып өтті. Шараға аудан әкімі Ербол Жүсіпбеков, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, шаруа қожалықтарының өкілдері мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
РКС: Семинардың практикалық бөлімі «Темірлан» серіктестігінің демонстрациялық алқабында өтті. Шараға қатысушылар ауыл шаруашылығы техникаларының жұмысымен танысып, зығыр мен дәнді дақылдардың егіс алқаптарын аралап көрді. Сондай-ақ, семинарға қатысушылар «Темірлан» серіктестігінің сүт-тауар фермасына барып, сауын процесін бақылап, сүт өнімдерін өңдеу барысымен танысты. Бүгінде серіктестік симменталь тұқымды 400 басқа арналған жаңа сүт кешенінің құрылысын қолға алған. Жалпы құны 1 миллиард теңгеге бағаланған инвестициялық жоба жылдың соңында аяқталады деп жоспарланып отыр. Ауданның ет бағытындағы әлеуеті де артып келеді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында инвестициялық 8 жоба іске асырылуда. Оның ішінде «АБС Жаркөл» серіктестігінің 2 мың басқа арналған бордақылау алаңы да бар.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Жиын барысында аграрлық саладағы өзекті мәселелер мен қол жеткізілген жетістіктер талқыланды. Аудан әкімі Ербол Жүсіпбеков бұл шараны тек жетістіктерді көрсету алаңы ғана емес, сондай-ақ, сала мамандарының тәжірибе алмасып, ортақ мәселелерді бірлесіп талқылайтын маңызды диалог алаңы екенін атап өтті. Мұндай кездесулер нақты нәтижелерге қол жеткізуге және аграрлық саланың жаңа даму бағыттарын айқындауға серпін береді.
СНХ: СВЕТЛАНА ОРЕХОВА, «ЖЕР-1» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАС АГРОНОМЫ: Семинар аясында агроөнеркәсіптің тыныс-тіршілігімен етене танысып, қызықты әрі пайдалы ақпарат алдық. Әсіресе, ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші ретінде мені зығыр алқаптары ерекше қызықтырды. Егістіктер таза, ботаникалық дамуы жақсы жүріп жатыр. Бұл алқаптың мол өнім беретіні бірден байқалады. Біз де зығыр егумен айналысамыз, сол себепті жұмыс барысында түрлі сұрақтар туындайды. Осындай іс-шаралар мен алқап басындағы ашық пікір алмасу барысында барлық көкейдегі сұрақтарға нақты жауап алуға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, мен алғаш рет сүт-тауар фермасында болып, сауын процесі мен сүтті өңдеу барысымен таныстым. Бұл да өте қызықты әрі пайдалы тәжірибе болды.
РКС: Семинар соңында өсімдік және мал шаруашылығы саласындағы үздік еңбеккерлер алғыс хаттармен марапатталды. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ