ДИКТОР: Көкшеде көк шығып, малдың нағыз маусымды оты келген кез. Бие байлап, қымыз дайындау қызған шақ. Бурабай баурайында қымызға деген сұраныс жақсы. Өйткені күн жылынғалы курортты өңірде демалушылар қарасы артып келеді.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Бие сауып, қымыз өндірумен айналысатын отбасылар Бурабай өңірінде аз емес. Әсіресе көктем шыға туристер ағылар кезеңде жұмыс қыза түседі. Жылқы шаруашылығы Қарабауыр ауылындағы Ғалиакпаровтар әулетінің ата кәсібі.

СНХ: ЖЫЛҚЫБАЙ ТӨЛЕГЕНҰЛЫ, ШАРУАШЫЛЫҚ БАСШЫСЫ: Әкем маған құрығын тапсырып кетті. Өзі пенсияға шыққанда. содан бері осы ауылда жылқымен айналысып жатырмыз. Қазіргі таңда 400-ден аса жылқымыз бар. 500-дей қойымыз бар. Негізгі бағытымыз жылқы бие сауу. 20 шақты жұмысшы істейді. Қазір бізде күнделікті бие сауылып, бізге қолайлысы жақын бізге Бурабай тиіп тұр. Шипажайлармен келісім шартқа отырып, соларға тапсырамыз Көкшетауда точкаларымыз бар. Биыл Астанаға апарып жатырмыз.

РКС: Шаруашылық күніне 400-500 литрге дейін қымыз дайындайды. Кәсіпкерлер сұраныс жақсы болса өндіріс көлемін бір тоннаға дейін жеткізуге дайын. Енді олар қымыз зауытын ашуды көздеп отыр.

СНХ: ЖЫЛҚЫБАЙ ТӨЛЕГЕНҰЛЫ, ШАРУАШЫЛЫҚ БАСШЫСЫ: Мына қымызды порошоққа айналдырып, экспортқа шығарсақ па деймін. Бұған үлкен Үкіметтің қолдауы қажет. Өйткені Үкіметтің қолдауынсыз біз оны жасай алмаймыз. Былай да былай да іздендік.

РКС: Асылхан Кенебаев шаруашылықта 10 жылдан бері еңбек етіп келеді. Жазда бие байлап, сауын сауса, қыста мал семіртеді. Осылайша жұмыс жыл бойы жалғасады.

 СНХ: АСЫЛХАН КЕНЕБАЕВ, ЖҰМЫСШЫ: Сәуірдің аяқ кезінде бастаймыз, бие байлауды. Құлындар жас болғандықтан сауын арасы 1 жарым сағат. Олар өйткені шөп жей алмайды. Әбден су ішіп жем шөп жеп үйренген соң, сағат қосамыз, сауын қосамыз. Жағдай жақсы енді жеңіл жұмыс болмайды ғой. Жұмыста бар жағдай жасалған. Общежития бар, отоплениесі газовый, су бәрі ішінде, душ бәрі бар ішіне. Тек жұмыс істеу керек болды.

РКС: Қамбар ата түлігі сезімтал, әрі тазалықты жаны сүйеді. Оны күтіп бағу, бабын табу да өнер.

СНХ: ЗАУРЕ ҒАЛИАҚПАРОВА, БИЕ САУУШЫ: Саууға келгенде көңіл күйіңді, ашуланып келсең ашуланып келгеніңді байқайды да сүт бермеуі мүмкін. Құлынды шығарып, биені сауып жатқанда 40-45 секунттай уақыт кетеді. Сол уақытта үлгеру керек сауып алып, өйткені ол сүтін бірден өзіне тартып алады.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Мұнда жұмыс толықтай автоматтандырылған. Құрылғылардың салмағы ауыр болғандықтан, негізінен ер адамдар еңбек етеді.

СНХ: АСЫЛХАН КЕНЕБАЕВ, ЖҰМЫСШЫ: Негізі жылқы малы музыка тыңдағанды ұнатады, алдыңғы жылдары жас балалар студенттер сауғанда музыка қоятын. Біз енді музыкасыз сауа береміз. Классика негізінен. Классиканы қойғанды жақсы көреді. Сауын кезінде ешқандай артық дыбыс болмау керек. Ар жағындағы құлынды әкелетін адам екеміз ыммен ғана түсінеміз. Неге өйткені жылқы малы сезімтал, артық бір дыбыс болса иімей қалуы мүмкін. Сүт бермей қалады. Сондықтан шуламаған дұрыс болады сауғанда.

РКС: Сауылған сүтті цехта өлшеп, сүзіп, күбіге құяды. Пісілген дайын қымыз салқындатылуы керек.

СНХ: ЭЛЬМИРА РАХИМОВА, ЖҰМЫСШЫ: Қымызымыз дайын болғасын осы охладительге құямыз, қымызды суытып дайындап жаңағы бутылкаларға құйып жібереміз. Осы шаруалықта 6-7 жыл жұмыс істейміз. Негізі жақсы жұмыс қымыз ішіп, сүт ішіп, негізі ем ғой қымыз ішкен.

РКС: Шаруашылықтағы негізгі мәселе - жұмыс күшін табу. Өйткені ауылда мектеп жоқ. Дегенмен, жұмысшылардың алаңсыз еңбек етуі үшін арнайы баспана салынған .

СНХ: ЖЫЛҚЫБАЙ ТӨЛЕГЕНҰЛЫ, ШАРУАШЫЛЫҚ БАСШЫСЫ: Ауылды жерлерде жұмыс орындарын көптеп ашуға болады. Ол қолдан келеді. Бірақ оны істейтін адам жоқ. Қазір менің шаруашылығымда көбіне пенсионерлер жұмыс істеп жатыр. Пенсияға шықса да жалынып жалпайып жалақыларын төлейсің, кейде үй жағдайларына көмектесесің. Қазір жалақылары 250-300 мыңнан кем алмайды олар. Үкімет бір жағдай жасамаса, ауылда жастарды ұстау өте қиын болып тұр.

РКС: Кәсіпкерлер қазір Елордада өтетін «Қымызмұрындық» этнофестиваліне дайындалып жатыр.

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, САБЫР ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ