ДИКТОР: Көкшетауда шахмат әуесқойларын бір арнаға тоғыстырған «Senat Open 2025» шахмат турнирінің II ашық кубогы өтті. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қолдауымен және Қазақстан шахмат федерациясының бастамасымен ұйымдастырылған бұл додаға Ақмола облысының әр аймағынан 95 қатысушы жиналды.
РКС: Екі жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан бұл жарысқа мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, ардагерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Турнир швейцариялық жүйе бойынша 9 тур бойынша өтті.
СНХ: СЕРІКБАЙ ТЕМІРБАЕВ, БАС ТӨРЕШІ: Негізінен жарысқа 102 қатысушы тіркелген, бірақ түрлі себептермен бірнеше адам қатыса алмады. Қазір 95-і жарысқа қатысып жатыр. Сенат кубогы үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде облыстарда іріктеу турнирлері өткізіледі. Іріктеу кезеңінде үздік атанған 35 ойыншы жартылай финалға жолдама алады. Жартылай финал 15-ші маусымда Көкшетауда өткізілмек. Оған солтүстік аймақ бойынша Петропавл, Қостанай, Павлодар және Көкшетау қаласының шахмат ойыншылары қатысады.
РКС: Турнирдің басты мақсаты – бұқаралық шахмат қозғалысын дамыту және зияткерлік спортты насихаттау. Еңбек ардагері Кенжеғали Нұрсейітов 80 жаста. Ол мұндай бастамалардың тұрақты дәстүрге айналуы – жас ұрпаққа үлгі-өнеге әрі зияткерлік дамуға жол ашатын игі іс деп есептейді.
СНХ: КЕНЖЕҒАЛИ НҰРСЕЙІТОВ, ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ: Еңбек ардагерімін, жасым 80-нен асса да, бірақ шахмат ойнауға келіп, бүгін мынау Көкшетауда үлкен мереке секілді шахматной турнир биыл екінші рет өтіп жатыр. Соған біз қуаныштымыз. Бұл енді келешек жастарға үлкен үлгі. Біз ойнаған соң, олар да ойнайды. Соған біз қуаныштымыз. Өткен жылы да ойнадым. 1-ші орын алдым, ветерандардың ішінен, кубок алдым.
РКС: Айта кетейік, жартылай финалдан іріктелген мықтылар 29-шы тамызда Астанада өтетін ақтық сында облыс намысын қорғамақ.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ