ДИКТОР: Көкшетауда экологиялық сана мен жастар белсенділігін арттыруға бағытталған ерекше ауқымды шара ұйымдастырылды. «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Жаттығу» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылды. Іс-шара Қазақстанның 20-дан астам қаласында бір мезетте басталып, LED-экрандар арқылы тікелей эфирде көрсетілді. Акцияға еліміз бойынша 5 мыңға жуық жас қатысты.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Іс-шара таңғы жаппай жаттығудан басталды. Бұдан соң қатысушылар сенбілікке шығып, қала көшелері мен аулаларындағы тазалық жұмыстарына кірісті. Шараға халықаралық деңгейде елімізді танытып жүрген жергілікті үздік спортшылар Екатерина Столяренко, Жангүл Болд, Карина Ибрагимова және Вадим Карнаухов қатысып, ерекше қолдау көрсетті. Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері Карина Ибрагимова мұндай шаралар тек табиғатты қорғау емес, сондай-ақ патриотизм мен азаматтық белсенділікті арттыруда да маңызы зор,-дейді.

СНХ: КАРИНА ИБРАГИМОВА, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН СПОРТ ШЕБЕРІ: Мұндай игі бастамалардың біздің қаламызда да өткізіліп жатқанына қуаныштымын. Бұл шара бүкіл Қазақстан бойынша жүзеге асуда және жастардың белсене қатысуы өте маңызды. «Дала Қырандары» салауатты өмір салтын насихаттап, есірткіге қарсы акцияларға да қатысады. Сондай-ақ, олар спорт алаңдарын қалпына келтіруге көмектесіп жүр. Осындай шаралар көп болса деймін. Себебі жастар тәрбиесіне де, қаланың тазалығы мен көркеюіне де оң ықпалын тигізері сөзсіз.

РКС: Жобаның негізгі мақсаты – ауладағы спорт және ойын алаңдарын қалпына келтіру арқылы жастар арасында еңбекқорлық пен салауатты өмір салтын насихаттау. Игі бастама аясында қала көшелерінің бірінде жаңа балалар алаңы салынып, пайдалануға берілді.

СНХ: ЕДІЛ ХАМЗА, «ДАЛА ҚЫРАНДАРЫ» ЖАСТАР ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ЖЕТЕКШІСІ: Бүгінгі таңда 5 мыңға жуық әр өңірден қырандарымыз шыққан. Жаттығу бұл тек бір күндік акция емес, бұл өз ауласын, көшесін, қаласын сүйетін, өзгерте алатын, үлгі бола алатын адамдардың қозғалысы. Біздің басты мақсатымыз – осы тазалықты өмір салтына айналдыру. Алаңда жаттығатын адамдар бар екенін бәрі білу керек. Сондықтан мыңға жуық спортшылар, спорттың майталмандары, олимпиада жүлдегерлері бүгін шыққан болатын.

РКС: Алдағы уақытта «Дала Қырандары» ауқымын кеңейтіп, игі бастамаға ауыл жастарын да тартуды көздеп отыр.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ