ДИКТОР: Көкшетауда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған дәстүрлі «Поющая Полония» XIII республикалық фестивалі өтті. Бұл мәдени шараға Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының, Астана қаласы мен облыс аудандарының этномәдени бірлестіктері қатысты.

РКС: 30 жыл ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің берік тұғырына айналды. Фестивальдің басты мақсаты – Қазақстандағы түрлі этностар арасындағы достық пен өзара сыйластықты нығайту, сондай-ақ ұлттық мәдениетті сақтау мен дамыту. Шара барысында Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Сабырхан Кенжебаев жиналған қауымды кезекті «Поющая Полония» фестивалінің ашылуымен құттықтады. Ол аталған шараның маңыздылығына тоқталып, оның қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы ролін ерекше атап өтті.

СНХ: САБЫРХАН КЕНЖЕБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АҚМОЛА АССАМБЛЕЯСЫ ХАТШЫЛЫҒЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: «Мәдениет және мұра» Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жыл жобасы аясында өтіп жатқан фестивальға бүгінгі күні Астана, Петропавл, Қостанай, Қарағанды және біздің Ақмола облысы жанындағы қызмет етіп жүрген этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары қатысуда. Бұл іс-шаралар мәдениеттер мен дәстүрлердің бірлігін, еліміздің бірегейлігін айқындайтын үлкен іс-шара.

РКС: Фестиваль аясында түрлі этнос өкілінің өнер ұжымдары ұлттық киімде сахна төріне шығып, төл мәдениетін паш етті. Шара барысында көрермендер қазақ халқының бай мұрасымен қатар, поляк, авар, өзбек, татар-башқұрт, орыс, қырғыз, корей және украин халқының рухани болмысы мен тарихынан сыр шертетін ұлттық өнерін тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

СНХ: РУСЛАНА СНЕГУРСКАЯ, «ПОЛОНИА» ПОЛЯКТАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ (АСТРАХАН АУДАНЫ): Біз Астрахан ауданынан келдік. Жыл сайын қатысамыз. Биыл фестиваль Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналып отыр. Біздің ансамбль поляк тілінде ән айта бастаған Қазақстандағы алғашқы ансамбльдің бірі. Жалпы, мұндай шаралар өте маңызды деп есептеймін. Себебі, мұндай шаралар барлық ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына жинап, халықтарды жақындастырады. Бүгінде де біз басқа этнобірлестіктермен кездесіп, тілдесіп, олардың өнерін тамашалаладық, өткен уақыттарды еске алдық. Менің ойымша, мұндай фестивальдер өте қажет.

РКС: Фестивальде ерекше көзге түскен өнер ұжымдарының бірі – Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданынан келген Балаларды қолдау орталығының «Нәзік» би ұжымы. Олар авар халқының ұлттық биін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

СНХ: ГАЛИНА КЛЕЦКО, БАЛАЛАРДЫ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МУЗЫКАЛЫҚ ЖЕТЕКШІСІ: (СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН): Біздің орталықта балалар түрлі шығармашылық және мәдени шараларға белсене қатысады. Олар би үйірмесіне қатысып, хорда ән айтып, вокалдық шеберліктерін дамытады. Биыл біздің педагогикалық ұжым «Қазақстанның халық хоры» атағын алды.

РКС: «Поющая Полония» фестивалі – тек поляк мәдениетінің ғана емес, еліміздегі көпэтносты қоғамның рухани бірлігінің символына айналған ерекше мәдени алаң. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мұндай шаралар еліміздегі қоғамдық келісімді сақтап, әр этностың төл мәдениетін өркендетуге үлес қосары сөзсіз.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ