ДИКТОР: 20 жыл өндірістің алдыңғы шебінде еңбек етіп келе жатқан металлургия зауытының шихта маманы - Зинакүл Нұрғалиева биыл мемлекеттік жоғары марапатқа ие болды. Мемлекет басшысының Жарлығымен мамандығына адалдығы мен өнеркәсіп саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.

РКС: Домна пештерінің гуілі мен миллиграмға дейінгі дәлдік — Зинакүл Нұрғалиева үшін күнделікті жұмыс. Ол осы өндірісте жиырма жылдан бері еңбек етіп жүрген тәжірибелі шихта маманы. Биыл наурыз айында Зинакүл Нұрғалиева саланың дамуына қосқан елеулі үлесі мен көп жылғы адал еңбегі үшін ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан алды.

СНХ: ЗИНАКҮЛ НҰРҒАЛИЕВА, ШИХТА МАМАНЫ: Бұл жердегі еңбек өтілім 20 жыл. Соның 15 жылын осы бөлімшеде шихта маманы болып жұмыс істеп келемін.

Өзіме ұнайды, үйреніп кеттім. Зейнет жасына да жақындап қалдым. Бала кезімде химия пәнін ұнататынмын. Жеңгем – химия пәнінің мұғалімі, ал ағам – тарихшы. Осы мамандықтарды жақсы көремін. Сондықтан химия саласы маған жақын болды. Жұмыста қашан да қолдау бар. Басшылық та құрметпен қарайды. Еңбек еткен адамды бағалап, марапаттап отырады. Осындай ауыр әрі зиянды жұмысты бағалап, ескеріп жатқан мемлекетке және басшылыққа алғысымды білдіремін.

РКС: Зинакүл Нұрғалиеваның әр жұмыс күні домна пешінің жанынан басталады. Ол металл сапасына тікелей әсер ететін күрделі де нақты құрам — шихтаны әзірлейді. Бұл жерде қателікке жол жоқ: аз ғана ауытқу бүкіл өндіріс процесіне кері әсер етуі мүмкін. Алайда Зинакүл өз ісіне сенімді. Себебі жылдар бойы жинаған тәжірибе мен мамандығына деген шынайы сүйіспеншілік бар. Цехтағы әріптестері оны тек кәсіби біліктілігі үшін ғана емес, адами тұрғыдағы беріктігі үшін де ерекше құрметтейді.

СНХ: НҰРӘДІЛ ҚАСЕНОВ, ӘРІПТЕСІ: Зинакүлді бірнеше жылдан бері жақсы танимын. Жауапкершілігі жоғары, тәжірибелі маман. Әрдайым көмектесуге дайын тұрады. Ақыл-кеңесін аяған емес. Оның мол тәжірибесі облыс әкімі тарапынан да жоғары бағаланған. Ұжым ішінде Зинакүл үлкен құрметке ие. Қашан да сөзі өтімді, адамгершілігі мол, сыйлы әріптес.

РКС: Цехтан тыс Зинакүл — аяулы ана, асыл әже. Ол — отбасының тірегі, мейірімді әрі қамқор жан. Ауысым арасындағы уақытын үй тірлігіне, немерелеріне және отбасылық қуаныштарға арнайды. Өндірістегі қатал мамандық пен жүрек жылуын шебер ұштастыра біледі.

Өйткені әйелдің күші тек білегінде ғана емес, оны жақындарына шексіз махаббат сыйлай алатын жүрегінен де байқайсыз.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ