ДИКТОР: Көкшетауда отбасы күніне арналған кездесуде отбасылық дәстүрлер және олардың болашақты құрудағы ролі талқыланды. Оған қала мектептерінің оқушылары қатысты. Олар үшін бұл диалог берік отбасылық құндылықтардың шабыттандыратын үлгісіне айналды.

РКС: Көкшетау қаласы аналар кеңесі төрайымының орынбасары Наталья Замолоцких пен облыстық мәслихаттың депутаты әрі DEMEU — Senim асырап алушы ата-аналар клубының басшысы Құралай Жұмабековалар оқушылармен кездесіп, отбасы құндылықтары жайлы әңгімеледі. Бақытты отбасының негізі ретінде отбасылық дәстүрлердің маңыздылығы, құрмет, қолдау және сүйіспеншілік туралы ойларымен бөлісті. Балаларды тәрбиелеу, ұрпақтар арасындағы өзара түсіністік және ұлттық әдет-ғұрыптарды сақтаудың маңыздылығы туралы әңгімелер ерекше әсерлі болды.

СНХ: БИБІГҮЛ КӨПЖАСАРОВА, № 10 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ: Бүгін шақырылған қонақтар біздің оқушылар үшін маңызды ақпараттармен бөлісті. Отбасы құндылығына қатысты әркім жақсы ой түйеді деп сенемін. Табысты әйелдердің үлгісі болашақта өздері отбасын құрған кезде қажет болады деп ойлаймын.

РКС: Кездесу барысында оқушылар отбасына қатысты ойларымен еркін бөлісіп, тақырыпқа байланысты сұрақтар қоюда белсенділік танытты. Әр адамның өмірінде отбасының қаншалықты маңызды екенін түсінуге дәл осындай басқосулардың ықпалы зор екенін атап өтті оқушылар.

СНХ: ПОЛИНА КРАСНОШТАНОВА, №10 МЕКТЕПТІҢ ОҚУШЫСЫ: Мұндай дәрістердің өткізілгені дұрыс деп есептеймін. Бұл әсіресе біз сияқты жасөспірімдер үшін маңызды ақпарат. Өскелең ұрпақ білуі тиіс. Ұдайы айтып отырған дұрыс деп санаймын.

РКС: Отбасы құндылықтары мен салт-дәстүрлерге қатысты білімдерін толықтырған оқушылар үшін бұл кездесу тың серпіліс әкелгені жасырын емес. Мұндай шаралар жастарға отбасының ролін жақсырақ түсінуге және болашағын болжауға септігін тигізері сөзсіз,-дейді ұйымдастырушылар.

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ