ДИКТОР: Жазғы мектеп демалысы жақындап келеді. Алдағы үш айда демалыс пен бос уақытты тиімді үйлестіру шараларына Ақмола облысы мен еліміздің басқа да өңірінен 134 мыңға жуық оқушыны қамту жоспарланған. Балалардың жазғы уақытын қызықты әрі пайдалы өткізуі үшін қандай мүмкіндіктер қарастырылған? Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.

РКС: Балаларға арналған сауықтыру орталықтары мен лагерьлер – жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын тиімді өткізудің кеңінен таралған тәсілдерінің бірі. Бүгінде мыңға жуық баланың ата-аналары жазғы лагерьлерге жолдама сатып алып үлгерген. Осы мақсатқа «Жаппай оқыту» қорының бюджетінен 121,5 миллион теңге бөлініп отыр. Бұл қаражат әлеуметтік осал санаттағы балалардың демалысын ұйымдастыруға жұмсалмақ. Айта кетейік, өңірдегі мемлекеттік және жекеменшік лагерьлер ауысымына 3200 балаға дейін қабылдауға қауқарлы.

СНХ: БОТАГӨЗ ДҮЙСЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Облыс өңірінде бүгінгі күні 16 балалар сауықтыру орталықтар жұмыс істейді деп жоспарлап отырмыз. Алдын ала мәлімет бойынша, биылғы жылы қала сыртындағы лагерьлерде 15 500 бала демалады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 000 балаға көп. Одан басқа облыс аумағында өзге өңірлерден келетін шамамен 3 200 бала демалады.

РКС: Мемлекеттік лагерьлердегі жолдамалардың бағасы 40 мыңнан 120 мың теңгеге дейін жетсе, жекеменшік демалыс орындарында бұл көрсеткіш 100-140 мың теңгенің айналасында. Демалыс орындарындарының назарындағы басты мәселе- балалардың қауіпсіздігі. Кез-келген лагерь өз жұмысын бастамас бұрын міндетті түрде санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің рұқсатын алуы тиіс. Қала сыртындағы лагерьлерде балалардың демалысын ұйымдастыру мен қауіпсіздігіне 5 мыңға жуық педагог жауапты. Әрбір қызметкер арнайы тексерістен өтеді.

СНХ: АЙНАГҮЛ ҚУАНДЫҚОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЮВЕНАЛДЫ ПОЛИЦИЯ ТОБЫНЫҢ ЕРЕКШЕ ТАПСЫРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: Сондай-ақ, жазғы демалыс уақытында төтенше жағдайлардың орын алу жағдайын болдырмау мақсатында балалар сауықтыру орталықтарында жұмыс істейтін барлық қызметкерлердің тізімі алынды. Бұл тізім бойынша олардың қылмыстық жауапкершілікке тартылғандығы не соттылығының бар-жоғы туралы ақпарат жинап жатырмыз.. Оның қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдар мен аталған сауықтыру орталықтарының басшылығына тиісті нұсқамалар жіберіледі.

РКС: Мектептердің базасында қосымша қамту үшін 208 күндізгі лагерь мен 350 бейіндік алаңқайлар ұйымдастырылады. 4,5 мыңнан астам бала шатыр лагерьлеріне бара алады. Тағы 25 мыңға жуық оқушыға еңбекпен қамту мүмкіндігі ұсынылады.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ДАМИР САДЫҚОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ