ДИКТОР: Аршалы ауданының орталығында алғаш рет реновация бағдарламасы бойынша жоба жүзеге асырылуда. Қазір аталған жоба аясында көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Осы айдың басында қолға алынған нысандағы жұмыстың барысы туралы тілші баяндасын.
РКС: Бұл орында бұған дейін сегіз пәтерлі екіқабатты үй болған еді. «УК Строй» құрылыс компаниясы тұрғындардың баспанасын тиісті бағалаудан кейін сатып алды. Ескі үй сүріліп, құрылыс басталып кетті. Қазір мердігер ұйым құрылыстың алғашқы кезеңінде жаңа тұрғын үйдің негізін қалау жұмыстарына кіріскен.
СНХ: ИГІЛІК ҚҰСАЙЫН, УЧАСКЕ БАСТЫҒЫ: Қалыпты монтаждап, күшейтуді аяқтап жатырмыз. Жұмысшы күші жеткілікті. Монолиттік бригадада 20, қосымша 10 жұмысшы құрылыс басында еңбек етіп жатыр.
РКС: Ауданның 550-ден астам тұрғыны баспана кезегінде тұр. 100 пәтерлі жаңа үй салынып бітсе, сұраныс біршама азаяды.
СНХ: ДМИТРИЙ ИВАНЮК, АРШАЛЫ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ: Әрине, баспана ең алдымен әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға беріледі. Бірінші кезекте мүгедектерге, жетім балалар мен көп балалы отбасыларға үлестіріледі. Бұл бағдарлама бұдан кейін де жүзеге асады деп сенеміз. Жоспарымызда жөндеуді қажет етіп тұрған тұрғын үйлер де бар. Сондықтан Аршалыда осы бағыттағы жұмыс тоқтамайды деп ойлаймын.
РКС: Алдағы жарты жылда тұрғын үй құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар үйдің маңайын абаттандыру жұмыстары да қатар жүргізіледі. Жобаны табысты жүзеге асыру арқылы отбасылардың тұрғын үй жағдайы жақсартылмақ.
НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ҚАЙЫРБЕК ТӨЛЕГЕНОВ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ