ДИКТОР: Көкшетаудағы гүл сататын дүкендер мен ерекше композицияларды жасап, гүлді одан әрі түрлендіріп жүрген флорист мамандарға арналған бранч көрме өтті. Онда гүлдің сан алуан түрі ұсынылып, шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
РКС: Сұлулықты жаны сүйетін, меценат кәсіпкер Елена Мащинская осыдан екі жыл бұрын алғаш рет ұйымдастырған еді. Сұм ажал биыл жаны жайсаң жанды ортамыздан алып кетті. Бірақ, оның бастамасын аяқсыз қалдырғымыз келмеді,-дейді ізін жалғастырушылар. Алдағы уақытта мұндай көрмені еліміздің өзге қалаларында да ұйымдастыруды көздеп отыр.
СНХ: МАРАЛ КЕНЖАХИМОВА, КӨРМЕНІ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ: Біз өзімізден бастайық деп шештік. Көптеген гүл дүкендері шақырылды. Сонымен қатар, Астана қаласынан Денис Лободаны шақырдық. Мықты флорист. Ол шеберлік сабағын өткізеді. Көптеген серіктестер осы көрмені ұйымдастыруға атсалысты. Келесі көрме Щучинск қаласына өтеді.
РКС: Еліміздің үздік флористерінің бірі, ландшафт дизайнері, Денис Лобода бранч барысында гүл әлемінің ерекшеліктері мен флорист жұмысының қыр-сырына тоқталып, шеберлік сабағын өткізді. Жалпы көрмеге қаладағы үздік гүл салондары белсене қатысып, өз топтамаларын көпшілік назарына ұсынды.
СНХ: ӘНЕЛ РАХЫМБЕКОВА, ФЛОРИСТ: Барлығы бренд өнімдері. Қазақстанда өндіріледі. Біздің франшизаның жұмыс істеп келе жатқанына 12 жылдан асты. Біз Құрылтай бизнесіне бірнеше айдан бері тұрақты түрде қатысып келеміз. Ал мынадай бранчқа алғаш рет қатысуымыз.
РКС: Жалпы елімізде флорист маманын даярлайтын арнайы оқу орны жоқ. Алайда, қазіргі таңда түрлі курстар мен шеберлік сабақтарына қатысып, бұл салада жұмыс істеуге әбден болады. Ең бастысы – ынта мен фантазияңыз болса жеткілікті. Соңғы уақытта осындай көрмелерді жиі ұйымдастырып, флорист мамандарының тәжірибелерімен алмасу дәстүрге айналып келеді. Бұл жандар кез келген дизайнер сияқты стильді сезініп, күнделікті өмірде әдемілікті айшықтайтын ерекше қасиетке ие. Өзгеше форматта өткен шараға қатысқан әрбір жан дәл осындай көрмелер флористиканың сұлулық әлеміне тереңірек үңілуге серпін беретінін атап өтті. Көрме соңы ән мен күйге ұласып, қонақтарға керемет көңіл-күй сыйлады.
ТОҒЖАН БАЙМЕНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ