ДИКТОР: Облыстың шаруалары көктемгі егіс науқанын аяқтауға жақын. Мәселен, Зеренді ауданындағы іргелі шаруашылықтардың бірі – «Дихан Плюс» серіктестігінің егістік алқабы 24 мың гектарға жуық. Бүгінде соның 65 пайызына дән сіңірілді.
РКС: Биыл көктемде ауа райының күрт жылынуы мен қардың тез еріп кетуі егіс науқанын ерте бастауға оң әсер етті. Серіктестік диқандары сәуірдің басында танап басына шықты. Негізгі егіс жұмыстары 24-ші сәуірде қарқын алып, жүргізіле бастады. Шаруашылықта әртараптандыру саясаты қолға алынған. Биыл майлы және бұршақ дақылдарының үлесі артып отыр. Себебі, бұл дақылдарға сұраныс жоғары-дейді серіктестік басшысы.
СНХ: ДЕНИС ШВАЙБОВИЧ, «ДИХАН ПЛЮС» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАСШЫСЫ: Сондықтан биыл 2,5 мың гектар рапс, 2600 гектардан астам алқапқа бұршақ, 1 мың гектарға жуық жерге зығыр және 1300 гектар аумаққа жасымық егілді. Бұл дақылдардан мол өнім алып, оны жедел әрі тиімді өткіземіз деген болжам бар. Сондай-ақ, дәнді дақылдар бойынша, 4 мың гектарға жуық алқапқа бидайдың қатты сортын, жұмсақ бидай 6-7 мың гектардан астам, арпа – шамамен 600 гектар аумаққа себіледі. Сәуірдің 24-інен бастап бұршақ дақылдарын жерге сіңіруді бастадық. Себебі бұршақ дақылдары суыққа, яғни үсікке төзімді. Сондықтан біз алдымен жасымық пен бұршақтан бастадық. Кейін күнбағыс, рапс, зығыр сияқты майлы дақылдар егілді. Бүгінде бұл дақылдардың барлығы сіңірілді.
РКС: Ырыздығын жерден терген шаруаларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Серіктестік мемлекеттік қолдаудың аясында техника мен тыңайтқыштар алып, оларды тиімді пайдаланып келеді.
СНХ: ДЕНИС ШВАЙБОВИЧ, «ДИХАН ПЛЮС» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАСШЫСЫ: Мемлекеттік бағдарлама аясында түрлі тыңайтқыштың 800 тоннадан астамын сатып алдық. Қазір соның тең жартысы жерге сіңірілді. Яғни, тыңайтқыштарды біз мемлекеттік бағдарлама бойынша алып отырмыз. Қыста мемлекеттік бағдарлама бойынша келісім-шарттар жасалып, оның шамамен 40 пайызын өз қаражатымыздан төледік. Қалғанын мемлекет субсидиялады. Толық көлемде жеткізілді.
РКС: Серіктестікте 170 адам жұмыс істейді. Көктемгі егіс жұмыстарына заманауи 6 кешен жұмылдырылған. Уақытпен санаспаған еңбеккерлер әр сәтті тиімді пайдалануға тырысып, ауа райының қолайлы сәтін құр жібермей, әр гектарды ұтымды игеруге күш салуда. Механизатор Дмитрий Стежкин серіктестікте 2014 жылдан бері еңбек етіп келеді. Жалпы еңбек өтілі — 25 жыл. Қазір №51 егіс алқабында жұмыс істеп жатыр. Бұл алқапта бидай сіңіріліп, топыраққа тыңайтқыш себілуде. Бұдан соң зиянкестер мен арамшөптерден қорғау мақсатында химиялық өңдеу жүргізілмек.
СНХ: ДМИТРИЙ СТЕЖКИН, МЕХАНИЗАТОР: Бұл алқаптың жалпы аумағы 400 гектар болса, жартысынан көбі игерілді. Екі ауысымда жұмыс істеп жатырмыз. Таңғы сағат 08:30-нан кешкі сегіз жарымға дейін. Мен күндіз жұмыс істеймін, әріптесім түнгі ауысымға шығады.
РКС: Қазір ауа райы егіске қолайлы болып тұр. Ауыл шаруашылығы саласы үшін жауын-шашын маңызды болғанымен, дәнді-дақылдарды уақытылы сіңіруге қолбайлау болуы мүмкін. Ал диқаншылар өз кезегінде егіс жұмыстарын айдың аяғына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ