ДИКТОР: Облыс әкімі Марат Ахметжанов Көкшетауда салынып жатқан кейбір нысандардың құрылысымен танысты. Мердігерлермен кездесу барысында аймақ басшысы бірнеше олқылықтың бар екенін анықтады. Қандай мәселе болса да дер кезінде шешіп, нысандарды уақытынан кешіктірмей тапсыру қажеттігін ескертті. Баспаналары реновация бағдарламасы бойынша сүрілуі тиіс тұрғындардың базынасын тыңдап бұл проблеманың да барлық тараптар үшін тиімді шешілуі керектігін айтты.

РКС: Бұл облыс орталығындағы Вернадский және Әшімов көшелерінің қиылысы. Көктемгі тасқында су басып кеткен осы жердегі үйлер сүрілген болатын. Жақын арада бұл жерде 15,30 және 45 пәтерлі 4 көпқабатты баспана бой көтеруі тиіс. Олар әлеуметтік осал топқа жататындар мен кезекте тұрған отбасыларға беріледі. Серіктестіктің бас директоры Данияр Рахымтаев алдағы уақытта жаңа үйлер суға кетпеуі үшін барлық олқылықтарды реттейміз дейді. Ол үйдің іргетасы қаланатын жерді 1 метрге дейін көтеретіндерін жеткізді.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бұл ірі компания. Жайлы мектеп те салып жатыр. Біз облысымызда жұмыс істейтін компаниялардан қашан да әлеуметтік жауапкершілікті талап етеміз. Мына үйлер көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге арналмаған. Бұл облыстық әкімдік пен осы компнаия арасындағы келісім шарт бойынша салынып жатқан баспаналар. Барлық ірі компанияларды тартатын боламыз. Жеке өзім серіктестік басшылығымен келісім жүргіземін.

РКС: 15 және 30 пәтерлі қос баспананы «Integra construction KZ» серіктестігі өз қаражатына салып жатыр. Оған құрылыс компаниясы 700 миллион теңге бөлген. Ол үйлер қазан айында ел игілігіне тапсырылуы тиіс, ал қалған 45 пәтерлі екі үйдің құрылысын жыл соңына дейін аяқтау көзделген. Бұдан кейін аймақ басшысы «Реновация» бағдарламасына іліккен үйлердің тұрғындарымен кездесті. Нақтырақ айтсақ, Уәлиханов-Гоголь, Саин-Быковский көшелерінің қиылыстарында орналасқан бірнеше үй апатты деп танылған. Бірақ, үй иелерінің көшкісі жоқ. Олар әкімдіктің ұсынысымен келіспейтіндерін жеткізді.

СНХ: ТАТЬЯНА ПАШКОВСКАЯ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Біздің үйдің тұрғындарының басым бөлігінің ойы бір. Бізге ақшаны қолымызға бергендері керек. Сол кезде қолымыздағы ақшаға байланысты қалаған баспанамызды аламыз. Мәселен, менің алғым келген пәтердің құны 15 миллион болса, маған соншама қаражат берсін. Ал, пәтер орнына пәтер беретін болса ол баспанаға жөндеу жасау керек. Оған біз қаражатты қайдан аламыз? Біздің барлығымыздың үйіміздің жағдайы жақсы, жөндеу жасалған. Әп-әдемі үйімізді тастап, жөндеуі жоқ баспанаға көшуге қарсымыз.

РКС: Реновация бағдарламасына сай сүрілетін пәтердің аумағына сай, берілетін баспананың да көлемі дәл сондай болуы тиіс. Тұрғындар бұл шартпен келіспейтіндерін айтады. Өйткені, ескілікте салынған 2 бөлмелі пәтермен қазіргі 1 бөлмелі пәтердің көлемі бірдей. Жиналғандардың шағымын тыңдаған Марат Ахметжанов облыстық құрылыс басқармасының басшысы мен қала әкіміне жұмысшы тобын құрып, тұрғындармен тағы бір мәрте кездесуді тапсырды. Тек соңғы адам келісімін бергеннен кейін ғана үй сүріліп, жаңа нысанның құрылысы басталады.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Келіспей жатқандар да бар. Әртүрлі ой туындап жатыр. Сондықтан, әрқайсымен жеке сөйлесіп, әр отбасының базынасын тыңдауымыз керек. Біздің мақсат сіздердің баспаналық жағдайларыңызды жақсартуға септесу. Ешкімді мәжбүрлей алмаймыз. Біз құрылысты ертең-ақ бастауға дайынбыз. Мен үйлеріңізді сатып алуға қажетті қаражатты бөлемін. Ол үшін, ең бастысы, барлық тұрғындардың келісімі керек.

РКС: Ал, мынау Сарыарқа шағын ауданында бой көтерген балабақша. 166 орынға шақталған мектепке дейінгі білім беретін ошақ мобильді топтарға арналған. Биыл тапсырылуы тиіс. Бірақ, ғимаратқа жарық тартылмаған. Жол төселмеген. Оған қажетті қаражат жоқ,-дейді қала әкімі Бауыржан Ғайса. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айнагүл Шұғырмақова да қазынада артық ақша жоқ екенін алға тартты. Марат Ахметжанов мәселенің шешімін табуды тапсырды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Сарыарқа ауданында бой көтеріп жатқан тағы бір нысан – 588 орынға шақталған мектеп-интернат. Бұл жерде де жарық пен жолдың мәселесі қолбайлау болып тұр. Жағдаймен танысқан аймақ басшысы көп созбай жол мен көлік тұрағы орнының құрылысын бастауды, зақымданған электр желілерін қалыпқа келтіруді тапсырды.

ФАРИЗА АСЫЛБЕКОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ КӨКШЕ АҚПАРАТ