ДИКТОР: Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы күміс университеті оқу жылын аяқтады. Бұл — белсенді ұзақ өмір сүруді қолдауға және өмір бойы білім алуға бағытталған ерекше білім беру жобасы. Оқу жылы барысында тыңдаушылар цифрлық сауаттылық, медиакоммуникация негіздері, салауатты өмір салты, шығармашылық және қолданбалы пәндер бойынша курстардан өтті. Оқу жылының аяқталуына орай ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысып қайтқан тілшіміз Нұрсәуле Мұратқызы баяндайды.

РКС: Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті – тек жастарға емес, барлық жастағы адамдарға арналған білім ордасы. Бұған дәлел – "Күміс университеті" жобасы. Зейнет жасындағы азаматтарға арналған тегін білім беру бастамасы. Аға буын өкілдері бұл жоба аясында компьютерлік сауаттылық, заманауи технологиялар, шет тілдері, құқықтық сауат, психология, өнер мен дене шынықтыру пәндері бойынша дәрістер алады. Қазақстан бойынша 72 күміс университеті бар. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті алғаш ашқандардың бірі ретінде Халықаралық университеттер қауымдастығына кірген.

СНХ:АЙГҮЛ ЖАҚЫПОВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ: Бүгін біз 4-ші жылдың түлектерін шығарып салып жатырмыз. Олар 60, 70 жастағы біздің тыңдаушыларымыз. Өте белсенді. Биыл көптеген жаңашылдықтар болды. Бүкіл әлемде 60-70 жастан асқан адамдар жасанды интеллектіні, көптеген цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін қолдануға қатысты білімге мұқтаж екенін көруге болады. Цифрлық банкингтің барлық мүмкіндігін пайдаланғылары келеді. Бұл бүгінгідей интернет алаяқтық жайлаған заманда өте өзекті. 60 жастан асқан адамдар цифрлық білімді, құзыреттіліктерді меңгерулері тиіс. Сондықтан біз қазір халықаралық деңгейде белсенді жұмыс істеп жатырмыз.

СНХ: АЙНҰР ШҮКЕЕВА, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ ҮЗДІКСІЗ БІЛІМ БЕРУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Биыл 140-қа жақын азаматымыз білім алды. 13 білім беру бағдарламасы бойынша. Оның ішінде 27 мастер класс өтті. Сосын 7 экскурсия өтті. Оның біреуі шетелдік. 30 Күміс университетінің студенттері Өзбекстанға барып, 1 апталық турға демалып келді. Енді биылғы жылы жаңалық жазғы мектепті ұйымдастырмақшымыз. Яғни, тек қана Көкшетау қаласының емес, облыстағы зейнеткерлерді біз осы жерге шақырғымыз келіп отыр. Бұған қазіргі таңда 60-қа жуық өтініштер келіп түсті. Әлі де уақыт бар. Қала тұрғындары, қала зейнеткерлері өте үлкен қызығушылық танытады. Сосын біздің зейнеткерлеріміз өте өнерлі.

РКС: Жобаның басты мақсаты – өмір бойы білім алу қағидасын жүзеге асыру, егде жастағы азаматтардың белсенділігін арттыру, әлеуметтік оқшауланудың алдын алу. Біз үшін бұл үлкен мүмкіндік. Жасарып қалдық десем де болады! Қоғаммен араласамыз, жаңа дүниелер үйреніп жатырмыз,–дейді жоба қатысушысы.

СНХ: ХАЛИБА ҚОЖАБАЕВА, КҮМІС УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ТҮЛЕГІ: Биыл міне үшінші жыл қатысып жүрмін. Жалпы қазір ағылшын тіліне барып жүрмін. Өзім неміс тілін бітіргенмін, неміс тілін оқытушы болып жұмыс істегенмін. Содан кейін қазақ тілінен сабақ бердім. Енді мынау менің 4-ші тілім. Ағылшын тілі маған өте ұнайды. Өміріміз сондай өзгерді,сондай мүмкіншілік алдық.

РКС: Күміс университеті келесі оқу жылында да өз жұмысын жалғастырып, тыңдаушыларға пайдалы әрі қызықты жаңа курстар ұсынбақшы. Салтанатты шара аясында түлектерге сертификаттар табысталды.

ИНТЕРШУМ:

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ