ДИКТОР: Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай балалар шығармашылығын қолдау мақсатында облыстық әдебиет және өнер музейі «Біз бақытты баламыз» атты қалалық жас суретшілер байқауын ұйымдастырды. Аталған шараға Көкшетау мектептеріндегі бастауыш сыныптың 40 оқушысының жұмысы жіберілген. Балалардың жазғы демалысқа шығатын уақытымен жыл сайын орайластырылып өткізілетін сайыстың таңдап алынған биылғы тақырыбы да ерекше. Абай жырлаған төрт мезгіл. Бүлдіршіндердің қиялынан туған шығармалардың үздігі анықталып, марапатталды.
РКС: Бұл дәстүрлі сурет сайысына қала мектептерінен 40 оқушы қатысты. Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Юрий Попов төрағалық еткен қазылар алқасы іріктей келе 12 оқушының жұмысын лайықты деп бағалады. Абай жырлаған төрт мезгілді бастауыш сынып оқушылары өзінің бала қиялына ерік беріп, қылқалам арқылы суреттеген. Балаларды шығармашылыққа бейімдеу, олардың ерекше қабілетіне қолдау білдіруді көздеген музей ұжымы осындай сайыс арқылы бүлдіршіндердің шығармашылығын да насихаттап жүр.
СНХ: НҰРБОЛАТ ӘЛМЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР МУЗЕЙІНІҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Биылғы тақырып – Абай бабамыздың 180 жылдығы өтіп жатыр биылғы жыл. Соған байланысты Абай шығармаларындағы 4 мезгіл. Яғни, қыс, жаз, көктем, күз сияқты жыл мезілдерін Абай атамыз қалай суреттеді? Оны біздің оқушылар, сәбилер, балалар қалай түсінді ?Қалай өзіні түйсігімен қабылдады ? Соны қағаз бетінде көрсетіп берсе, бізге сурет қылып салып берсе деген мақсатпен өткізіп отырмыз.
РКС: Абай атасының шығармаларындағы жыл мезгілдеріне шығармашылық тұрғыдан реңк берген балғын суретші Айкөркем Төрехан. Ол Красный Ярдағы № 2 мектептің 2 сынып оқушысы. Сурет өнері оған әкесінен дарыған,-дейді анасы. Қазылар алқасының шешімімен Айкөркем байқаудың бас жүлдесіне лайық деп танылып, қазақтың киелі домбырасы сыйға тартылды.
СНХ: ӘЛИЯ ҚАБДЫРАХМАНОВА, АЙКӨРКЕМНІҢ АНАСЫ: Негізі Айкөркем 3-4 жасынан бастап сурет салып жүр. Садикте салды. Одан уже біз жүлделі орындарға ие болдық. Әдебиет және өнер музейіне Абай атамыздың табиғат лирикасымен, табиғат шығармасындағы тақырыптарымен таныстырып жатқаны үшін мың алғыс білдіремін.
РКС: Жүлделі 2-ші орынды Даниил Василько еншілесе, Фатима Жанат пен Арайлым Сұлтанбаева үшінші жүлдені өзара бөлісті. Өнер бәйгесіне қатысқан оқушылардың бәріне ынталандыру сыйлығы табысталды. Оқушыларға тәлім-тәрбие берген ұстаз қауымы да назардан тыс қалған жоқ. Ұйымдастырушылар алқасының атынан Алғыс хаттармен марапатталды.
БЕЙБАРЫС ШАЛАБАЕВ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ. КӨКШЕ АҚПАРАТ