ДИКТОР:Ертең күллі мұсылман қауымы асыға күтетін қасиетті Құрбан айт. Бұл күн мейірім мерекесі. Дәл осы күні мұсылмандар үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, көңілі жабырқаған жандарға қуаныш сыйлап, мұқтаж адамға құрбандық етін таратып, қуанышқа бөлейді. Құрбан шалып, оның етін өзгелермен бөлісу арқылы адамдарға мейірім көрсетіп, жылу сыйлауға асығады. Бабадан мирас болған осы дәстүр, ізгі амал ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Құрбан айт қарсаңында облыстық Науан Хазірет мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбит ізгілік пен мейірімге толы мерекенің мән-маңызына тоқталды.
РКС: Құрбан айт – жалаң құрбандық емес, ол – ішкі жан-дүниені тазарту, рухани тұрғыдан жаңғыру дегенді білдіреді. Айта кетейік, Ораза айттан кейін 70 күн өткен соң Құрбан айт мейрамы тойланады. Құрбан айт намазы
ертең таңғы сағат 6-да Көкшетау қаласы және Ақмола облысы бойынша барлық мешітте ұжыммен оқылады. Бұл күндері мұсылмандар құрбандық шалып, жақындарына, мұқтаж жандарға көмектеседі. Құрбан шалу уақыты айт намазы оқылғаннан кейін басталып, үш күнге, яңни айттың 3-күні күн батқанға дейін жалғасады.
СНХ: ҚУАНЫШ СӘБИТ, ОБЛЫСТЫҚ НАУАН ХАЗІРЕТ МЕШІТІНІҢ БАС ИМАМЫ: Кейбір кезде біз түрлі жағдайларға тап болып жатамыз. Әрине бұл адамдардың білместігінен. Осы Құрбан айтқа дайындалып, бір күн бұрын немесе бірнеше уақыт бұрын құрбандықтарын дайындап қоятын жағдайлар кездеседі. Сол үшін де құрбан шалатын қауымға ескертетініміз, ең біріншіден құрбан шалған кезде құрбан шалатын малдар белгілі. Бұл біріншісі қой, одан кейін ешкі, одан кейін сиыр және төртінші ол түйе. Осы төрт түрлі малды шариғатымыз Құрбан айт күндері құрбан шалуға рұқсат еткен.Бұдан басқа мал құрбандыққа кірмейді.
РКС: Құрбандыққа шалынатын малдардың жасына қатысты да шарттары бар. Қой мен ешкінің жасы бір жасқа толған болуы керек. Ал сиыр 2 жылдық, түйенің жасы бесте болуы шарт. Қой мен ешкіні бір адам шалады. Сиырды 7 адам бірігіп шалуына болады. Көкшетауда қала сыртындағы мал базары құрбан шалатын орын ретінде арнайы белгіленген. Бұдан бөлек облыс аумағында мал соятын 19 орын санитарлық-ветеринарлық нормаларға сай жасақталған. Ниет еткен жандар сол жерге барып құрбандарын шалуына болады. Сондай-ақ, Qurban2025.kz сияқты онлайн платформалар арқылы да құрбандық тапсыру мүмкіндігі бар. Құрбандыққа шалынған малдың еті үшке бөлінуі тиіс. Бір бөлігі өз отбасында қалады, екіншісін ағайын-туысқа, үшінші бөлігін мұқтаж адамдарға таратқан абзал. Орталық мешітте құрбан етін қабылдайтын пункт те бар. Мұқтаж жандарға берушілер сол жерге әкеліп тапсыруына болады. Ол мешіттің арнайы тізімі бойынша етке мұқтаж жандарға таратылады. Мерекенің қоғамдағы маңыздылығы да ескеріледі.
СНХ: БОЛАТ ҚАСЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДІН ІСТЕРІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Резонанстық жағдайлардың алдын алу мақсатында облыс аумағындағы 87 мешітте полиция, төтенше жағдайлар департаменттері, дін істері, ішкі саясат, денсаулық сақтау басқармалары қызмет жасайтын болады.
РКС: Құрбан айт – тек құрбан шалу ғана емес, бұл – ауызбіршілік пен қайырымдылық мерекесі. Осы айт күндері мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, ағайын-туыс, көршілерге сәлем беріп, ренжіскендер болса татуласуға мүмкіндік бар.
МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ